RU
Толық нұсқаға өту

Хаби Алонсо: Дастан мықты футболшы

29.07.2026, 09:30 37

Дастан өте мықты әрі өте жылдам футболшы.

Оның ойыны шынымен таңқалдырады. «Челси» клубының бас бапкері Хаби Алонсо қазақстандық Дастан Сәтпаевтың дебюттік ойыны туралы осындай пікір білдірді. Айта кетейік, 17 жастағы қазақ баласы «Челси» клубының негізгі құрамына кіріп, жолдастық кездесуге қатысты және алғашқы минуттарда мергендігімен көзге түсті. Ол тек гол соғып қана қоймай, кейін командаласының гол соғуына да жағдай жасап берді. Нәтижесінде «Челcи»  «Сидней Уондерерс» командасын 6:4 есебімен жеңді. Осы орайда команданың бас бапкері Хаби Алонсо қазақстандық футболшының ерекше таланттардың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Англия Премьер-лигасының қарқынына физикалық тұрғыда дайын екеніне сенім білдірді.

ЦИТАТА: Хаби Алонсо, "Челси" клубының бас бапкері

Мен Дастанды өткен жылдан бері Алматыдағы кезінен білемін. Оның ерекше ойыншы екені көрініп тұр. Бүгінгі мачта кеңістікті тамаша пайдаланады және қапталдан орталық шабуылшының жанына сәтті қосылады. Бұл – оның клубтағы алғашқы тәжірибесі. Ә дегеннен өзін жақсы қырынан көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, өте мықты әрі өте жылдам футболшы. Оның ойыны сіздерді әлі таңқалдырады.

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі

Бүгін Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчын өткізеді. Сары-қаралар өз алаңында Кипрдің «Омония» командасын қабылдайды. Еске салсақ, алғашқы матч Кипрде өткен болатын. Сырт алаңда алматылық команда қарсыласқа 1:0  есебімен есе жіберген еді. Ойынның 13-минутында «Омония» жартылай қорғаушысы Панайотис Андреу есеп ашты. Ал 33-минутта қарсылас команданың қорғаушысы алаңнан қуылды. Алайда «Қайрат» сандық басымдықты пайдалана алмады. Енді команда келесі кезеңге өту үшін барын салады.

Александр Широбоков, «ҚАЙРАТ» ФК футболшысы

- Біз өткен ойынның көп бөлігін өз бақылауымызда ұстадық. Жиі шабуыл жасадық. Көбірек допқа иелік еттік. Алайда қарсылас команда бір футболшыға кем болса да, жақсы ойын көрсетті.

Хеннинг Берг, «Омония» ФК бас жаттықтырушысы /Кипр/:

- Жолымыз жақсы болды, аман-есен жеттік. Бұған дейін де Қазақстанға келгенбіз. Футболда мұндай ұзақ сапарлар жиі болады, сондықтан біз әрдайым дайынбыз. Өткен аптада қарсыласымызды жақсырақ тануға мүмкіндік болды. Бірақ біз негізінен өз ойынымызға, өз дайындығымызға көбірек назар аударамыз. Ертең жақсы ойын көрсетіп, жанкүйерлерге қызықты футбол сыйлауға тырысамыз.

Дияр Аманәлі – әлем чемпионы

Дияр Аманәлі – әлем чемпионы. Қазақстандық жас балуан Әзербайжанда өтіп жатқан дүниежүзілік додада топ жарды. Ол жақта күрес түрлері бойынша 17 жасқа дейінглер арасындағы байрақты бәсеке жалғасуда. Жарыстың кезекті күні грек-рим күресі бойынша 55 келідегі Дияр Аманәлі барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Финалда венгриялық Кеве Ковачтен басым түсті. Осылайша қазақ баласы Баку төрінде көк туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқатты. 

Бұған қоса қоржынымызға тағы бір медаль түсті. 48 келідегі Әли Алмас күміс жүлдегер атанды. Ол финалға дейін жетіп, соңғы сында ресейлік спортшыға есе жіберді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz