RU
Толық нұсқаға өту

Оралда садақ атудан ел чемпионаты өтіп жатыр

30.07.2026, 23:33 37

Орал қаласында садақ атудан ел чемпионаты өтіп жатыр.

Бұл сынға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық үміткер жиналды. Кеше классикалық сайыста финалға жолдама алған мықтылар анықталды. Ерлер арасында Жетісу өңірінің намысын қорғаған Ильфат Абудллин мен Дәулеткелді Жаңбырбай іріктеуден іркілмей өтіп, шешуші сынға жолдама алды. Ал қыздар арасынан Александра Землянова мен Ақмола облысының мергені Самира Жұмағұлова оза шапты. Әзірше жалпы командалық есепте Жетісу облысының спортшылары топ бастап тұр. Олар 8 бірдей финалдық жолдамаға иелік етті. Ертең жекелей  сайыстың жеңімпаздары белгілі болады. Ал бүгін командалық және аралас жұп бойынша жүлделі орындар сарапқа салынды.  

Ардагер теннисші жастарға жол берді

Теннисші қыз-жігіттер енді хард  кортына бейімделе бастайды. Өйткені тамыз айында үлкен дулыға жарыстарының бірі Америка ашық біріншілігі бар. Қазір мықтылардың біразы Вашингтондағы дәстүрлі жарыста бақ сынап жатыр. Кеше кортқа 46 жастағы Винус Уильямс шықты. Әлемнің экс бірінші ракеткасына ұйымдастырушылар арнайы уайлд карт берген екен, алайда Винус бірінші айналымнан аса алған жоқ. Өзінен 21 жас кіші Анастасия Потаповамен кездескен Винус қарсыласына 3:6, 3:6 есебімен екі сетта жол берді. Бір кездері сіңілісі Серена екеуі теннис кортында дауыл тұрғызып жүлдені кезек бөліскен кездер болған. Қазір жастармен жағаласу қиын екенін Уильямстар жете түсінді. Дегенмен теннис кортынан алыстай алмай жүр. Өйткені теннис олардың сүйікті кәсібі.

Манчини Италия тізгінін қайта ұстады

Қатарынан 3 бірдей дүниежүзілік доп додасынан шет қалған Италия құрамасын енді Роберто Манчини баптайды. Бұл туралы елдегі футбол федерациясының басшысы Джованни Малаго мәлімдеді. Бұған дейін Италия футболшыларын 2018 және 2023 жылдар аралығында жаттықтырған Манчини, 2020 жылы Еуропа чемпионы атанған болатын. Одан кейін біраз жерде жұмыс істеген бапкер енді міне Италия тізгінін қолына қайта алды. 4 дүркін әлем чемпиондарының соңғы іріктеулерде ірілік таныта алмағаны тиффозилердің арқасына аяздай батып жүр. Енді Манчини көк жейделі футболшыларды жеңіске бастай алмаса жанкүйерлердің кешірмесі анық. Сондықтан бапкерге ғана емес, Манчиниге сенім артқан Италия футболының басшылары да  үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz