«Қайрат» «Левскиге» есе жіберді. Бірақ чемпиондар лигасында жарысты жалғастыруға мүмкіндігі бар. Қазақстандық клуб іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда болгариялық «Левскимен» кездесіп, 1:0 есебімен жеңіліп қалды. Енді 11-ші тамызда Түркістанда қарымта матч өткізеді.
Кәсіпқой бокстағы алғашқы қадам
Санжар чемпиондық белдікке таласады. Әуесқой бокста барлық биікті бағындырып, екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай енді кәсіпқой бокста бақ сынап көрмек. Алғашқы жекпе-жегі 28-ші тамыз күні Астанада өтеді. Ол филиппиндік Нил Джакомоспен жұдырықтасады. Қарсыласы айтарлықтай тәжірибелі. Кәсіпқой рингте 8 кездесу өткізіп, 7-еуінде жеңіске жеткен. Қос мықты IBF ASIA вакантты чемпиондық белдігін сарапқа салады. Яғни Санжар ә дегеннен титулдық жекпе-жеке қатысуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай жуырда ғана ұлттық құрамамен бірге АҚШ-та жаттығу жиынын өткізді. Оның барысында кәсіпқой боксшылармен сппаринг те жасады. Енді 23 жастағы жерлесіміз бірер күннен кейін осы тәжірибесін кәсіпқой бокс кешінде қолданып көреді. Сәттілік тілейміз.
Жылдың басты жарысына дайындық
Қазақ боксшылары Азия ойындарына 10 күн ерте барады. Бұл жөнінде әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин мәлімдеді. Оның айтуынша, ел намысын қорғайтын қыздар 9-қыркүйекте Жапонияға аттанып, жылдың басты жарысы өтетін жерде жаттығу жиынын өткізеді. Айта кетейік, кеше ғана байрақты бәсекеге қатысатын боксшылардың толық тізімі жарияланды. Оның ішінде Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Аида Әбікеева және Наталья Богданова бар. Әсіресе, Назым мен Наталья жаңа салмақта бақ сынамақ. Десе де бұған дейін бірнеше жарысқа қатысып, бейімделіп үлгерді. Азия ойындарының өзі Жапонияның Нагоя қаласында 19-қыркүйек пен 4-қазан аралығында өтеді.
Елдос Сайдалин, ұлттық құраманың бас бапкері:
- Барлығы жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Қыздардың көңіл күйі жақсы, денсаулықтары қалыпты, ешкімнің жарақаты жоқ. Біз жарысқа тек жоғары нәтиже көрсету үшін барамыз. Әрбір спортшы өз мүмкіндігін толық пайдаланып, бар күшін салуға дайын. Сондықтан алдағы сыннан жақсы көрсеткіш күтеміз.
Жас таланттардың әлемдік олимпиадасы
Болашақ миллионерлер мен миллиардерлер Астанаға жиналды. Бұнда жасанды инттелект бойынша жастар арасындағы әлемдік олимпиада өтіп жатыр. Яғни, Бағдат Мусин жетекшілік ететін спорттық бағдарламалау федерациясы соңғы жылдары жемісті жұмыс жасап, осындай жарысты қабылдау құрметіне ие болды. Оған 105 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Бұл өзіндік рекорд саналады. IT саласындағы жастар бүгін үшінші күн бойы бақтарын сынап жатыр. Бұнда жекелей және командалық сындар өтеді. Жеңіске жеткендеріне әлемдегі үздік жоғары оқу орындары гранд ұсынуға дайын. Бұған қоса, осы саладағы алпауып компаниялар келісім-шарт та береді. Яғни, өзінің ойындағы, өзінің қиялындағы жобаларды жүзеге асырып, айтулы тұлғаға айналуға керемет мүмкіндік. Сондықтан, жас таландар барын салып жатыр. Оның ішінде қазақ балалары да бар. Ел намысын ішкі іріктеуден өткен сегіз жігіт қорғауда. Астанадағы әлемдік олимпиада 8-ші тамызға дейін жалғасады.
Тегтер #Санжар Тәншкенбай #кәсіпқой #жекпе жекPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz