RU
Толық нұсқаға өту
фото: instagram.com/bibisarachess

Бибісара Асаубаева жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын турнирді тең нәтижемен бастады

11.08.2026, 09:23 44

Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева АҚШ-та өтіп жатқан Cairns Cup-2026 супертурнирін тең нәтижемен бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Жарыстың алғашқы турында 22 жастағы қазақстандық гроссмейстер қара түспен ойнап, Украина өкілі Анна Музичукпен тең түсті. Кездесу 43 жүрістен кейін аяқталды.

Асаубаеваның қазіргі рейтингі – 2538, ал 36 жастағы Музичуктың көрсеткіші – 2529. Осылайша, рейтинг бойынша турнирдің басты фавориттері алғашқы кездесуде бір-бірінен басым түсе алмады.

Cairns Cup-2026 турниріне жеті гроссмейстер мен үш халықаралық шебер қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 250 мың АҚШ доллары. Бұл әйелдер арасындағы шахмат турнирлері үшін ең қомақты жүлде қорларының бірі.

Бірінші турда Қытайдың 16-шы әлем чемпионы Тань Чжунъи, Үндістанның әлем кубогының жеңімпазы Дивья Дешмукх және америкалық Элис Ли жеңіске жетті.

Екінші турда Бибісара Асаубаева тағы бір үндістандық шахматшы Вайшали Рамешбабумен кездеседі. Алғашқы партиясында Вайшали Дивья Дешмукхке ақ түспен ойнап, жеңіліп қалды.

Беделді жарыс АҚШ-тың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында өтуде. Өткен жылы Асаубаева бұл турнирде жетінші орын алған еді. Ал Cairns Cup додасына бұған дейін Қазақстан атынан Жансая Әбдімәлік екі рет қатысқан.

Cairns Cup турнирі Сент-Луис шахмат клубының негізін қалаушылардың бірі Джинн Кэрнс Синкфилдтің құрметіне аталған. Алғаш рет жарыс 2019 жылы ұйымдастырылған. Турнирге ұйымдастырушылардың арнайы шақыруын алған 10 шахматшы қатысып, бір айналымдық жүйе бойынша ойнайды.

Кездесулер классикалық шахмат тәртібімен өтеді: алғашқы 40 жүріске 90 минут, одан кейін партия соңына дейін 30 минут беріледі. Сонымен қатар әр жүріске 30 секундтан қосылады.

Турнир жеңімпазы 60 мың АҚШ долларын иеленеді. Екінші орынға 50 мың, үшінші орынға 40 мың доллар беріледі. Жарыстың барлық қатысушысы жүлдеден тыс қалмайды: соңғы орын алған шахматшының өзі 7 мың доллар алады.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz