RU
Толық нұсқаға өту

Елде спорт апталығы басталды  

11.08.2026, 10:50 36

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы таеквондодан Ресейдің Одинцово қаласында өткен халықаралық турнирде үш медаль еншіледі. 68 келіден жоғары салмақта Любовь Юн күміс жүлдегер атанды.

Сондай-ақ осы салмақта Нұрила Жарас қола жүлдеге ие болды. Ал 68 келіге дейінгі салмақта Балгерім Өтеген ел құрамасының қоржынына екінші қола жүлдені салды.

2029 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатындар саны 50 процентке жетуі керек. Осы мақсатта қазір құзырлы министрлік кешенді шараларды қолға алды. Әсіресе аймақтарда, оның ішінде, ауылдарда спорттық инфрақұрылымдарды көбейтіп, халықтың тегін жаттығуына мүмкіндік жасамақ. Бұған қоса, бұқаралық спорттық шаралардың санын арттырады. Мәселен, бүгін Астанада спорт апталығының ресми ашылуы өтті. Оған Ермахан Ибрагимов, Серік Сәпиев, Ислам Байрамуков, Алмат Кебіспаев сынды Олимпиада және Әлем чемпиондары жиналды. Олар мыңға жуық қала тұрғындарымен бірге 10 шақырымды жаяу жүріп өтті. Енді алдағы апта бойы еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі форматтағы 250 шара өтеді. Осы арқылы салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар санын көбейту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 44 процентті құрайды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер аса белсенді. Қазір спортпен тұрақты шұғылданатын өрендер саны 1 миллион 800 мыңға жетті. Ал ендігі мақсат – көрсеткішті 50 процентке жеткізу.

Бағдат Мусин: Жас таланттарға жол ашамыз

Бағдат Мусин еліміздегі таланттарды тауып, оларға жол ашуға дайын. Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы IT саласында, оның ішінде жасанды интеллектке икемі бар балаларға қолдау таныту қажеттігін айтады. Осы мақсатта барлық мектепке Жасанды интеллект пәні енгізіледі. «Ендігі мақсат – оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, сол өрендерге сабақ беретін мамандарды, яғни, мұғалімдерді дайындау», - дейді ол. Қазіргі таңда арнайы әдістеме жасалып, соны үйрету қолға алынды. Бұған қоса, Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясы жасанды интеллекттің қыр-сырын түсіндіретін онлайн платформаны іске қосып, барлық оқушыларға қолжетімді қылғысы келеді. Осы арқылы болашақ миллионерлер мен миллиардерлерді тәрбилеуге болады.

Айта кетейік, жуырда ғана Астанада осы бағыттағы  әлемдік олимпиада өтті. Оған 105 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Оның ішінде ел намысын қорғаған қазақ балалары үздіктер қатарынан көрінді. Ал алматылық Даужан Бекетов абсолютті чемпиондар арасында алдыңғы үштікке кіріп, тарихи нәтиже тіркеді.

Көшпенділер ойындарына дайындық басталды

Қуаныш Кәден ұлттық құрамаға неге алынбады? Қазір көкпар жанкүйерлерінің арасында осы сұрақ қызу талқыланып жатыр. Осы орайда бас бапкер Нұрдәулет Момынов іріктеудің қалай өткенін және кей жігіттердің неге тізімге ілікпегенін түсіндіріп берді. Қазір ұлттық командамыз Алматы облысында көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр және сол жерде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. 

Нұрдәулет Момынов әр спортшының тәртібі, дисцилинасы және соңғы ойындардағы қарым-қабілеті негізге алынғанын айтады. Аталмыш мақсатта бірнеше жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Нәтижесінде ең мықты деген 24 жігіт іріктелініп алынды. Оның ішінде, иә, кейбір ел көзіне түсіп жүрген көкпаршылар жоқ. Есесіне команда дәл қазіргі уақытта шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толысқан жаңа есімдермен толыққан.

Айта кетейік, дүниежүзілік Көшпенділер ойындары биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал көкпар бойынша бәсекелер 2-5 қыркүйек аралығында өтеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz