Ауыр атлетикадан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына бүгін екі алтын медаль түсті.
85 келіге дейінгі салмақта Ақжол Құрманбек өз қарсыластарының алды болса, қыздар арасында Аянат Жұмағали 77 келі салмақта Азия чемпионы атанды.
Дәл осы күндері Германияның Франкфурт қаласында көркем гимнастикадан ересектер арасындағы әлем біріншілігі өтіп жатыр. Жеке жаттығу сайыстары бойынша ел намысын екі спортшымыз қорғауда. Айбота Ертайқызы шығыршықта 28.300 ұпай жинаса, доп жаттығуында 25.250 ұпай алды. Ал жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік жарыста ешкімге дес бермеген Ақмарал Ерекешова ересектер арасындағы сынға енді ғана қатысып отыр. 16 жастағы қандасымыз доп сайысында тәуір нәтиже көрсетті. Яғни 26.850 ұпаймен үздіктер қатарынан көрінді. Тек шығыршықта көсіле алмады. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 8 гимнасшы жүлделі орындарды өз ара сарапқа салады.
Қоржынға қола түсті
Мажарстан астанасы Будапешт қаласында әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жерлесіміз Виктор Друзин қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыстың алғашқы күні Друзин ерлер арасындағы техникалық соло бағдарламасында сауатты өнер көрсетіп үшінші орынға табан тіреді. Бас жүлде ресейлік спортшыға бұйырса, күміс испаниялық Санчес Агилардың қанжығасында кетті.
Еуропа футболындағы ауыс-түйіс
Еуропада трансфер есігі әлі ашық тұр. 31 тамызға дейін біраз ауыс-түйістің болатыны анық. Биыл Түркия клубтары күшейіп жатыр. Трабзон Мохамед Салахты алса, Бешикташ Душан Влаховичті қатарына қосты. Басты қарсыластары күшейіп жатқанда Фенербахче қарап қалсын ба, стамбулдық клуб Бельгиялық Ромелу Лукакумен келісім шартқа отырды. Түркиялық клуб 33 жастағы шабулшы үшін Наполиге 6 млн еуро төлеген. Фенербахче сенбі күні ұлттық біріншіліктегі алғашқы ойынын сырт алаңда Генчилербирлигимен өткізеді. Барселонадан кеткелі жұмыссыз жүрген Хави Эрнандес Нидерланды құрамасының тізгінін ұстады. Испаниялық маман Голландия футбол федерациясымен 4 жылдық келісім жасасты. Қызғалдақты елдің аяқдопшыларын сонау 1978 жылы австриялық Эрнст Хаппельден кейін шетелдік маман жаттықтырмаған екен. Хави баптайтын нидерландтықтар алғашқы кездесуін 24 қыркүйекте ұлттар лигасының аясында Германиямен өткізеді. 9 жыл бойы Хорватияның тізгінін ұстап келген Златко Далич Біріккен Араб Әмірліктеріне бас бапкер болып тағайындалды. Хорватияға дүниежүзілік доп додасының қола жүлдесін алып берген Далич бұған дейін Араб Әмірліктерінде қызмет жасап, Аль Айн командасымен ел чемпионы атанған. Енді осы елдің футболшыларын мундиальға апару басты мақсаты.
Тегтер #көркем гимнастика #Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz