Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына байланысты шеттетілу мерзімін тоқтатып, оның шаршы алаңға қайта оралуына мүмкіндік берді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін боксшының шеттетілуі 2026 жылғы желтоқсанға дейін жалғасуы тиіс болған.
WBO мәліметінше, ұйымның арнайы комитеті Жәнібек Әлімханұлының шеттетілу мерзімін қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырған. 10 шілдеден бастап қазақстандық боксшының WBO аясында жекпе-жек өткізуіне қойылған шектеулер алынып тасталды.
Сонымен қатар ұйым Жәнібек Әлімханұлын суперорта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағына міндетті үміткер ретінде таныды.
Бұл мәртебеге даниялық Якоб Банк те үміткер болған. Алайда WBO комитеті қазақстандық боксшының кандидатурасын қолдады.
Әлімханұлы мырзаның чемпиондық тәжірибесі айтарлықтай өзгеше. Ол кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. 2022 жылдан бері WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып, орта салмақтағы титулын бес рет сәтті қорғады. IBF чемпионы Винченцо Гуалтьериді жеңіп, орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктірді.
Ол Роб Брант пен Дензел Бентли секілді бірнеше тәжірибелі қарсыласын жеңді. Әлем чемпионы атағы үшін бірнеше рет жекпе-жек өткізіп, кәсіпқой бокстың ең жоғары деңгейінде өнер көрсетуге қабілетті екенін дәлелдеді.
Комитет оның уақытша шеттетілуі тоқтатылғаннан кейін чемпиондық белбеуге таласуға құқығы бар деп есептейді. WBO-ның рейтингтік комитеті оны суперорта салмақтағы рейтингте Банк мырзадан жоғары орналастырды, – делінген WBO мәлімдемесінде.
Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы қазіргі уақытта британдық Хамза Ширазға тиесілі WBO нұсқасы бойынша суперорта салмақтағы әлем чемпионы атағының міндетті үміткері атанды.
Екі боксшының командаларына жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөз жүргізуге 20 күн уақыт берілді. Егер осы мерзім ішінде тараптар ортақ келісімге келе алмаса, жекпе-жекті өткізу құқығына қатысты сауда рәсімі басталады.
Тегтер #Жәнібек Әлімханұлы #WBO #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz