Ташкент төрінде топ жарған ауыр атлеттер елге оралды. Чемпиондарды Алматы халықаралық әуежайында туған-туыстары, жаттықтырушылар мен жанкүйерлер қарсы алды.
Азия чемпионатында ұлттық құрама 59 медаль жеңіп алды. Оның 19-ы алтын.
Өзбекстан астанасында өткен жарыс отандық ауыр атлеттер үшін нәтижелі болды. Бір аптаға созылған құрлықтық бәсекеде ел намысын 28 зілтемрші қорғады. Олар жалпы саны 16 рекорд тіркеді. Оның 5-еуі әлемдік, 11-і Азия рекорды.
Жәнібек Кішкенбаев, Ауыр атлетикадан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері:
- Жарыс өте жақсы деңгейде өтті. Толық құрама қатысты балалар жақсы нәтиже көрсетті. Басты қарсыластар Иран мен Өзбекстан құрама командалары болды. Бірақ біз оларды жеңдік. Жақсы нәтиже болды.
Жалпыкомандалық есепте 17 жасқа дейінгі қыздар мен 20 жасқа дейінгі қл балалар бірінші орынды жеңіп алды. Жастар үшін бұл Азия чемпионатындағы маңызды жетістік. Әсіресе Снежана Кашкарованың жетістігі бөлек. Жетісу облысының тумасы 57 келіге дейінгі салмақта үш алтын медаль жеңіп, Азия және әлемнің үш рекордын жаңартты. Осылайша турнирдің үздік ауыр атлеті деп танылды.
Снежана Кашкарова, Ауыр атлетикадан Азия чемпионы:
- Жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Себебі бірнеше рекордты жаңарттым. Әрине қобалжу болды. Бөлмемде жатып жарыс жайлы көп ойландым. Кейін бар күшімді салдым.
Аянат Жұмағали, Ауыр атлетикадан Азия чемпионы:
- Басты қарсыластарым өзбек елінің қыздары болды. Екінші, үшінші орында өзбек қыздар болды. Екеуімен жарысқа түстім. Мен басында рекорд қоямын деп ойладым. Өкінішке қарай рекорд қоя алмадым, бірақ алдағы уақытта жұмыс істеймін. Тынбай еңбек етуге тырысамын.
Айта кету керек Ташкенттегі көрсеткіш Қазақстанның былтыр Астанадағы Азия чемпионатындағы нәтижесінен әлдеқайда жоғары болып шықты.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Радик Жакупов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ауыр атлеттер #Азия чемпионаты #спортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz