Елена Рыбакина үшінші айналымда. АҚШ-тың Цинциннати қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир өтіп жатыр.
Жарыстың кезекті күні қазақстандық Елена Рыбакина америкалық Тейлор Таунсендпен кездесіп, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 6:3, 6:4 Енді үшінші айналымда польшалық Магдалена Френхпен кездеседі.
Көшпенділер ойындарына дайындық
Қазақстан Қырғызстандағы көшпенділер ойындарына қатысатын мемлекеттерді атпен қамтамасыз етеді. Яғни, еліміздің ең мықты сәйгүліктері іріктеліп, басқа елдің көкпар командаларына берілмек. Бұл жөнінде Ұлттық және ат спорты орталығының басшысы Қайрат Пазылбек мәлімдеді. Оның айтуынша, шешім жарыс ұйымдастырушыларымен бірлесе қабылданды және бұл тәжірибе бұрыннан қолданыста бар. Сондықтан қазір тұлпарларды таңдауға және тарсалмауға қатысты қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, ел намысын қорғайтын негізгі командамыз аттарымен бірер күннен кейін жарыс өтетін Қырғызстанның Ыстықкөл аймағына аттанады. Басқа елдерге берілетін жылқылар кейін белгіленген тәртіппен шекараға жеткізіледі. Айта кетейік, дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6-қыркүйекке дейін жалғасады. Ал көкпар бойынша бәсекелер 2-5 қыркүек аралығында өтеді.
Қазақ балаларының олимпиадаға дайындығы
Қазақ балаларын, әсіресе қыз балаларды IT саласына балулу керек. Өйткені, біздің өрендер әлемдік олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп, тарихи жетістіктер тіркеп жүр. Алдағы уақытта осы үрдісті тоқтатпау маңызды. Бұл жөнінде спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаров мәлімдеді. Оның айтынша, қазақ балаларының жоғарыда сөз еткен бағытқа қабілеті ерекше. Осы тұрғыда федерация қазір еліміз бойынша 600-ден аса өреннің басын қосып отыр. Өкініштісі, қыз балалалардың саны өте аз. Десе де, жыл сайын нәзік жандылар арасында бөлек жарыстар өтіп тұрады және Қазақстан мүмкіндігінше қызығушылығы бар қыздарды баулып, халықаралық додаларға жол ашып жатыр. Айта кетейік, жуырда ғана дәл осы федерацияның бастамасымен Астанада жасанды интеллект бойынша әлемдік олимпиада өтті. Оған 105 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды.
Каратэ федерациясы акредиттеуден өтті
Қазақстан каратэ федерациясы ресми аккредиттеуден өтіп, арнайы сертификат алды. Яғни, каратэнің дәл осы WKF бағыты мемлекет тарапынан танылды және тиісті қолдауға ие болады деген сөз. Айта кетейік, былтыр спорт туралы заң қабылданып, оның ішінде «бір спорт - бір федерация» қағитаты енгізілген еді. Соның аясында қазір әр спорт түрі бойынша бір ғана федерацияны бекітіп жатыр. Каратэ түрлерінен дәл осы WKF бағыты бұған дейін Олимпиада ойындары бағдарламасында болғасын, қазір Азия Ойындары бағдарламасында болғасын, бұған қоса, салада қалыптасқан жүйе мен тұрақты нәтиженің арқасында жоғарыдағы құрметке ие болды. Құжатты ресми түрде Ұлттық олимпиадалық комиеттің бас хатшысы Әлімжан Ақаев Қазақстан каратэ федерациясының вице-президенті Болат Хавлахатқа табыстады. Айта кетейік, қазақ каратэшілері қазір Азия ойындарына дайындалып жатыр. Жылдың басты жарысына 6 спортшымыз қатысады. Байрақты бәсекенің өзі алдағы айда Жапонияның Нагоя қаласында өтеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #спорт #каратэ #көшпенділер ойындарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz