RU
Толық нұсқаға өту

Бибісара Асаубаева супертурнирді сәтті бастады

18.08.2026, 09:09 45

Бибісара бас жүлдеге бір табан жақындады.

Американың Сент-Луис қаласында шахматтан әйелдер арасындағы супертурнир жалғасып жатыр.

Cairns Cup деп аталатын байрақты бәсекеге жыл сайын әлем үздіктері жиналады. Араларында қазақстандық Бибісара Асаубаева да бар. Ол жарыстың кезекті күні грекиялық Ставрулу Цолакидуды жеңіп, маңызды бір ұпайға қол жеткізді. Қазір оның еншісінде 4,5 ұпай бар және соның арқасында жалпы тізімде екінші орынға көтерілді. Топ басында қытайлық Тань Чжунъи тұр. Алда шешуші соңғы жарыс күні қалды. Оның аясында Бибісара Асаубаева мен Тань Чжунъи кездесіп, өзара бас жүлдені сарапқа салады. Сент-Луис қаласындағы турнир 20-тамызға дейін жалғасады. Оның жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды. Жеңімпазға 60 мың доллар беріледі.

Әлімханұлы-Шираз кездесуіне дайындық

Хамзамен жекпе-жегім Нью-Йоркте өтеді деп үміттенемін. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы осындай мәлімдеме жасады. Ол WBO ұйымының ортадан жоғары салмақтағы әлем чемпионы британдық Хамза Ширазға міндетті қарсылас атанды. Осы тұрғыда Жәнібек «Top Rank промоутерлік компаниясы Хамзамен жекпе-жегімді Нью-Йоркте өткізеді деп үміттенемін. Себебі ол жақта қазақ көп. Арена  менің жанкүйерлеріме толады» деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына. Айта кетейік, Бүкіләлемдік бокс ұйымы Жәнібек пен Хамза жекпе-жегін міндетті қылып бекіткеннен кейін, қос боксшының командасы шарттарды келісу үшін 20 күн уақыт алды. Егер осы мерзімде ортақ тоқтамға келе алмаса, жекпе-жекті өткізу құқығы үшін арнайы сауда ұйымдастырылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz