Ағайынды Алдияр Жауынбай мен Әлімжан Жауынбай Сингапурда өткен 24th ASEAN+ Age-Group Chess Championships 2026 халықаралық шахмат чемпионатында төрт медаль иеленді. Оның үшеуі — алтын, біреуі — күміс, деп хабарлайды «24KZ» Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
FIDE шебері Алдияр Жауынбай 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында рапид пен блиц бойынша бақ сынады. Рапидте 5,5 ұпай, блицте 7 ұпай жинап, екі дисциплинада да алтын медаль жеңіп алды. Ал классикалық шахматта 4-орыннан көрініп, жүлдеге бір қадам қалды. Ал оның інісі, FIDE шебері Әлімжан Жауынбай 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер санатында өнер көрсетті. Жас шахматшы блиц бойынша 8 ұпай жинап, алтын медальға ие болды. Сонымен қатар классикалық шахматта күміс жүлдені жеңіп алды. Осылайша, ағайынды Жауынбайлар Сингапурдағы халықаралық додада Қазақстан қоржынына төрт медаль салды, — делінген таратылған ақпаратта.
Жас шахматшылардың халықаралық жарыстағы жетістігі — жүйелі дайындық пен тұрақты еңбектің нәтижесі. Ағайынды Жауынбайлар елордалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахматтың дамып келе жатқанын көрсетіп, Қазақстанның көк туын халықаралық аренада биікке көтерді.
Алдияр мен Әлімжан Жауынбай — KazChess дарынды жастарды қолдау бағдарламасының қатысушылары. Бағдарлама жас шахматшылардың кәсіби шеберлігін арттырып, халықаралық жарыстарға жүйелі түрде дайындалуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Алдияр Жауынбай 11 жасында Қазақстан тарихындағы ең жас FIDE шебері атанған болатын. Бүгінде ол халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген болашағы зор жас шахматшылардың бірі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Астана #ағайынды чемпиондар #спорт #шахмат #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz