RU
Толық нұсқаға өту

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық жүріп жатыр

20.08.2026, 20:40 28

Жетісу облысының шабандоздары Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалып жатыр. 

Ат құлағында ойнайтын жігіттер 300 шақырымдық бәйгеде бақ сынайды. Сабыржан Нұрланұлы – 2022 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» жарысының күміс жүлдегері. Сол кезде ол Астанадан-Түркістанға дейін атпен барған. Кәнігі шабандоз жаз шыққалы «Көшпенділер» ойынына дайындалып жатыр.

Сабыржан Нұрланұлы, шабандоз:

- Маусым айынан бері дайындалған соң аттарымыз да, шабандоздарымыз да жақсы деңгейге жетті. Қазір дайындықтың соңғы кезеңіне жеттік. Сондықтан аттардың артық күш жұмсамай, әл жинауына Қырғызстанда өтетін Ұлы дала жорығы таулы жерде өтеді. Сондықтан аттарға күш керек. Сондықтан аттарға салмақ салмай жатырмыз.

Шабандоздар қазір күніне бір уақыт жылқыларын желдіре жүріп баптап, күйін жоғалтпауын қадағалап жүр. Жем-шөпті мөлшермен беріп аттың  тазалығын да ұдайы назарда ұстайды. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Көшпенділер ойынына қатысатын сәйгүліктер еліміздің әр аймағынан іріктеп алынған. Мәселен, мына менің астымда тұрған Байқоңыр атты тұлпар 2023 жылы 1300 шақырымдық қашықтықта өткен «Ұлы дала» жорығына қатысқан. Сол кезде ұзақ жолға бейім екенін байқатып, төзімділігін көрсеткен.

Жетісу облысындағы ұлттық ат спорты федерациясының өкілдері бірер күнде жолға шығады. Алатаудың арғы бетіндегі байрақты бәсекеге бес ат пен бес шабандоз қатысады.

Рүстем Досжанов, облыстық Ұлттық ат спорты федерациясының президенті:

- 2022 жылы 1200 шақырымдық жарыста екінші орын алдық. 2023 жылы 1300 шақырымдық Астана–Түркістан бағытында чемпион атандық. 2024 жылы Павлодар–Астана бағытында чемпион болдық. Сол жылы «Көшпенділер ойындарында» төртінші орын иелендік. Құдай қаласа, биыл да жақсы өнер көрсетіп, чемпион боламыз деген үміттеміз.

«VI Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» тамыздың 31-нен қыркүйектің 6-сы аралығында өтеді. Отандастарымыз жамбы ату, аударыспақ, көкпар сынды ұлттық спорттың 43 түрінен сынға түсіп, ел намысын қорғайды. 

Автолары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz