RU
Толық нұсқаға өту

Дзюдошыларымыз 11 медаль жеңіп алды

25.08.2026, 09:39 38

Тарихи жетістік. Дзюдодан Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында 11 медаль жеңіп алды. 

Оның 4-уі алтын, 3-уі күміс қалғаны қола. Бұл – бұрын соңды болмаған көрсеткіш. 

Эквадорда өткен әлем чемпионаты жас дзюдошыларымыз үшін табысты аяқталды. Бас аяғы 11 медаль алып, жалпы есепте 2-ші орыннан көрінді. Әсіресе жарыстың соңғы күнінде аралас командалық сайыста топ жарып, сенсация жасады. Отандастарымыз алдымен Болгарияны, ширек финалда Жапония құрамасын қапы қалдырды. Жартылай финалда Өзбекстаннан басым түссе, ақтық сында Бразилияны тізе бүктірді.

Мейірлан Баймаханбетов, дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Біздің негізгі мақсатымыз осы кадеттер құнамасынан шыққан спортшыларды ересектер құрамасына дейін жүйелі түрде жеткізіп, олардың спорттық шеберлігін одан әрі арттырып және ересектер арасында әлем және олимпиада жеңімпаздарын шығару.

Сондай-ақ жас балуандар жекелей сында 3 алтын еншіледі. 60 келіде Ғабит Расулхан топ жарса, 90 келіден жоғары салмақта Әділжан Жаудинов жеңімпаз болды. Көп ұзамай оралдық Фатима Сұпығалиева ел қоржынына кезекті алтынды салып, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.  

Фатима Сұпығалиева, дзюдодан әлем чемпионы:

- Бұған тынымсыз еңбек пен ұдайы жаттығудың арқасында жеттім деп ойлаймын. Өз өмірімде әкем Алтынбектің орны ерекше. Кішкентайымнан осы дзюдо күресіне баулып келеді. Содан кейін екінші бапкерім, әкемнің шәкірті Ерлан Оңаловты айтар едім. Ол Эквадорға менімен бірге барды. Мені қолдап, дұрыс бағыт беріп отырды. Ағайым болмаса, сескеніп, басқаша күресер ме едім. Ол кісі болғаннан кейін ештеңеге алаңдамай, сабырмен шықтым. Ең бастысы, барша қазақ елін қуантқаным үшін бақыттымын.

Фатима Сұпығалиева финалда украиналық Ксения Кирильчуктан басым түсті. Белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, жеңімпаз қосымша уақытта анықталды. Шешуші сәтте отандасымыз қарсыласына ұтымды әдіс жасап, жеңіске жетті.

Бақдәулет Сәбитов, БҚО спорт басқармасының басшысы:

- Көңіл-күйді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз бірінші кездесуінен бастап соңына дейін бақыладық. Өзіміздің үкілеп, үміттенген қызымыз. БҚО-дан әлем чемпионатына сол қыз ғана аттанған болатын. Финалды ұтатынына да сенімді болдық. Бұл бағытта қаншама жұиыстар атқардық. Облыстық федерациямен бірлесіп, Жапониядағы оқу-жаттығу жиындарына да жібердік. Осымен тоқтап қалмай алдағы дайындықтарына да жіберетін боламыз.

Мейірлан Баймаханбетов, дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Бұл біздің соңғы мақсатымыз емес, алдымызда әлі талай үлкен жарыстар бар. Алдағы қараша айында жасөспірімдер арасында олимпиада ойындары келе жатыр. Ол жерде 52 келі салмақта кеше жеңімпаз атанған Фариза өнер көрсететін болады. 

Эквадор төріндегі тарихи жетістік Қазақстан дзюдосының болашағына сенім ұялатты. Қазір федерация өкілдері мен спорт басқармалары оларды салтанатты түрде күтіп алуға дайындалып жатыр. Жас балуандар ертең Алматы әуежайы арқылы елге оралады. 

Авторы: Мерей Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz