Елде алғаш рет Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және басқа да ірі халықаралық жарыстарға баратын ресми спорттық делегациялардың құрамын жасақтаудың бірыңғай тәртібі енгізілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа талаптар ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстарға қатысуын тиімді ұйымдастыруға, делегация құрамын оңтайландыруға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға бағытталған.
Бұған дейін спортшылармен бірге жарыстарға баратын жаттықтырушылар, мамандар мен өзге де өкілдердің санына қатысты бірыңғай талап болмаған. Енді олардың саны спортшылардың санына, жарыстың деңгейі мен ерекшелігіне, сондай-ақ ұлттық құраманың қажеттілігіне қарай белгіленеді.
Өкілдердің үлесі спортшылар санына шаққандағы көрсеткішпен есептеледі.
Мәселен, жазғы Олимпиадада Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің үлесі 3%-дан, ал Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің үлесі 2%-дан аспайды. Қысқы Олимпиадада бұл көрсеткіштер тиісінше 10% және 8%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл қысқы ұлттық құраманың саны аз болуына байланысты.
Делегация құрамындағы ең жоғары үлес жаттықтырушылар мен мамандарға қарастырылған. Олардың қатарына бас және аға жаттықтырушылар, жеке жаттықтырушылар, сервис-жаттықтырушылар және жаттықтырушы-кеңесшілер кіреді. Олар спорт түрінің басымдығы мен жүлдеге таласу мүмкіндігі ескеріле отырып іріктеледі.
Жазғы Олимпиадада жаттықтырушылар мен мамандардың үлесі 86%-ға дейін, ал қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада 100%-ға дейін болуы мүмкін. Яғни кей жағдайда спортшылар саны қанша болса, олармен бірге баратын жаттықтырушылар мен мамандар саны да сонша болуы ықтимал.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға ілесіп жүретін адамдар үшін де жеке норма белгіленді. Паралимпиада және басқа да кешенді халықаралық жарыстарда олардың үлесі 38%-ға дейін болуы мүмкін.
Спорттық медицина мамандарына да квота қарастырылған. Дәрігерлер, массажшылар және басқа да медицина қызметкерлерінің үлесі жазғы Олимпиада делегациясында 28%-ға дейін, ал басқа жарыстарда 23%-ға дейін болуы мүмкін.
Ұлттық олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада комитеттері өкілдерінің үлесі жазғы ойындарда 13%-ға дейін, қысқы ойындарда 40%-ға дейін белгіленген.
Ал олимпиадалық даярлау орталықтары, спорт федерациялары және өзге де жауапты ұйымдар өкілдерінің үлесі жазғы Олимпиадада 12%-ға дейін, қысқы ойындарда 20%-ға дейін болуы мүмкін.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жазғы Олимпиадада 6%-ға дейін, қысқы ойындарда 12%-ға дейін квота қарастырылған.
Министрлік мәліметінше, жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – спорттық делегациялардың оңтайлы құрамын қалыптастырып, спортшылардың жарыстарға сапалы дайындалуына жағдай жасау және ұлттық құрамаларға халықаралық аренада тиімді қолдау көрсету.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #спорт #ОлимпиадаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz