Футболдан Қызылорданың «Қайсары» бас бапкерсіз қалды. Былтыр қараша айынан бастап команданы жаттықтырған Андрей Ферапонтов қызметінен кетті.
Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады. Ол өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпеске» жеңілгеннен кейін, өз еркімен кету туралы шешім қабылдаған. «Қайсардың» қарқынына көңілі толмаған жанкүйерлер осыған дейін де оның орнын босатуды талап еткен болатын.
Дзюдодан ел чемпионаты аяқталды
Дзюдодан ел біріншілігі аяқталды. Оралда өткен Қазақстан чемпионатына барлық өңірден 550-ге жуық спортшы қатысып, 3 күн боз кілемде белдесті. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Қызылорда облысының палуандары топ жарды. Олардың еншісінде 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар. Екінші орынға Алматы қаласы жайғасса, үздік үштікті ақтөбелік спортшылар түйіндеді.
Назгүл Маратова, дзюдодан 2 дүркін қазақстан чемпионы:
- Осыдан 2 жыл бұрын 2024 жылы Ақтөбе қаласында чемпион болғанмын. 2025 жылы күреспедім. Биыл алтыннан алқа тағып отырмын. Жарыс туралы айта кетсем, өте үлкен деңгейде өтті. Ел біріншілігі болғандықтан, бәрі жақсылап дайындалып келген. Финалға шығу, финалда бұрын күш сынасып келе жатқан қарсыластарым жақсы дайындалып келген.
Нұржан Бисенов, дзюдодан Қазақстан чемпионы:
- 1 жыл бойы оқу-жаттығу жиынында болдық. Бүгін күрескен қарсыластарыммен күнде оқу-жаттығу жиынында күрескенбіз, жаттап алғанбыз. Ең қиын белдесу 1/8 финал болды. Осы БҚО спортшысы Данилмен оқу-жаттығу жиынында жұппыз. Бауырым болғандықтан бауыр басып, күресу қиын екен. Финал туралы айтар болсам, Ақжол бауырыммен осының алдында шыққан едік. Есеп 1:1 болған. Бүгін мен жеңіп отырмын.
Абылайхан үздік ондыққа енді
Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар әлемдік рейтингте үздік ондыққа енді. Отандасымыз Швейцариядағы халықаралық жарыста топ жарғаннан кейін 81 келіде 14 саты жоғарылап, 8 орынға жайғасты. Ол күні кеше мансабында алғаш рет Гранд-слайм турнирінде чемпион болды. Финалда өзбек балуанымен кездесіп, алтыннан алқа тақты. Беделді жарысқа ел атынан Абылайханнан бөлек 14 спортшы қатысты. Олардың арасынан Шерзод Давлатов қана үздік нәтиже көрсетті. Ол үшінші орынға таласып, қарсыласына есе жіберген болатын.
Көшпенділер ойындары басталды
Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Кеше Бішкек Арена стадионында дүбірлі доданың ашылу салтанаты өтті. Жарысқа 113 елден 3 мыңнан аса спортшы қатысып, 43 ойын түрінен сынға түседі. Байрақты бәсекеде ел намысын 150-ден астам спортшы қорғайды. Отандастарымыз осыдан 2 жыл бұрын Астанада өткен көшпенділер ойындарында 114 медаль жеңіп, жалпы есепте топ жарған болатын.
Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан ұлттық құрама капитаны:
- Қазақстанның өзінде 3 ай көлемінде дайындық өткіздік.
Біздің командаға жалпы 30-ға жуық бала сборға шақырту алған болатын. Соның ішінен 24 баланы іріктеп алдық. Көкпарға – 12 бала, көк бөріге – 12 бала. Өзімізбен бірге алып келдік. Келгеннен кейін қырғыз тарапынан да 1-2 жекпе-жек аттарын алған болатынбыз. Аттар да жаңарды. Балалар да жаңарды.
Тегтер #хабар24 #дзюдо #чемпионат #көшпенділер ойындары #футболPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz