Бүгін Елена Рыбакина US Open турнирінің ширек финалдық жолдамасын сарапқа салады. Әлемнің екінші ракеткасы 1/8 айналымда жапониялық теннисші Осакамен кездеседі.
Жерлесіміз АҚШ-тағы турнирде сенімді ойнап, қарсыластарын айқын басымдық ұтып келе жатыр. Алдымен америкалық, испаниялық және украиналық спортшыларды 2:0 есебімен ұтты.
Анна Данилина АҚШ-тағы US Open турнирінен шығып қалды. Ол жұптық сында сербиялық Александра Круничпен бірге ойнап, екінші айналымда германиялық және түркиялық дуэтке есе жіберді. Олар алғашқы сетті 6:1 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Алайда екінші сет 5:6 болған сәтте сербиялық теннисшінің аяғы сыр беріп, жарақатына байланысты ойын тоқтатылды. Әзірге жарыста қазақстандықтардан жалғыз Елена Рыбакина қалды.
Александр Бублик төртінші айналымнан тыс қалса, Александр Шевченко алғашқы кезеңнен аса алмады. Ал Юлия Путинцева екінші айналымда шығып қалды.
Дастан бірнеше ойынға қатыспайды
Дастан Сәтпаев бірнеше апта алаңға шыға алмайды. Футболшы «Мидлсброға» қарсы матчта жарақат алған. Сәйкесінше, «Бернли» сапында бірнеше кездесуге қатыса алмайды. Бұл туралы клубтың бас бапкері Ники Хайен «Бристол ситиге» 2:1 есебімен есе жібергеннен кейін мәлімдеді. Ол алғашында Дастанның аяғы тартылып қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Алайда медициналық тексерістен кейін жас футболшының қалпына келуіне бірнеше апта қажет екендігі белгілі болды.
Ники Хайен, «Бернлидің» бас бапкері:
- Өкінішке қарай, ол бірнеше апта ойнай алмайды. Мұндай белгілерге мұқият қарауымыз керек. Бұған дейін айтқанымдай, Дастан маусым алдындағы дайындықтан өтті, бірақ толыққанды емес. Ойыншыларға қажетті жүктеме берумен қатар, олардың денсаулығын да сақтауымыз қажет. Бұл жерде дұрыс тепе-теңдіктің болуы маңызды.
ҚПЛ: 25-тур қорытындысы
Футболдан «Астана» клубы өз алаңында семейлік «Елімайды» тас-талқан қылып ұтты. Есеп – 4:0. Башич дубль авторы атанса, Томасов пен Каримов бір-бір голдан соғып, көзге түсті. Ал көкшетаулық «Оқжетпес» шымкеттік «Ордабасыны» 2:1 есебімен қапы қалдырса, қостанайлық «Тобыл» жезқазғандық «Ұлытауды» 3:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ «Жетісу» «Ертістен», «Ақтөбе» елордадық «Жеңістен» басым түсті. Екі ойында да 1:0 есебі тіркелді. Ал «Атырау» қонақта дәл сондай есеппен «Қызылжарды» тізе бүктірді. Одан бөлек өскемендік «Алтай» қызылордалық «Қайсарды» 2:0 есебімен қапы қалдырса, «Қайрат» «Каспийден» басым түсті. Қорытынды есеп – 3:0. Әзірге турнирлік кестеде 55 ұпаймен шымкенттік «Ордабасы» көш бастап тұр. «Қайрат» 54 ұпаймен 2-орынға жайғасса, «Астана» 45 ұпаймен 3-ші орында келе жатыр.
Тегтер #Анна Данилина #US Open #Елена Рыбакина #теннис #Дастан Сәтпаев #футбол #ҚПЛPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz