RU
Толық нұсқаға өту

Рыбакина әлемдік теннистің көшін бастады

10.09.2026, 15:05 51

Теннис жанкүйерлерінің түн ұйқысын төрт бөлген US Open турнирінен жағымды жаңалық жетті. Қазақстандық Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

Дәл осындай дәрежеге дүниежүзі бойынша 30 теннисшісі ғана қол жеткізген екен. Кеше ширек финалда Қытай қызы Чжэнді ұтқан жерлесіміз жартылай финалға жолдама алып, жеңістің ауылына бір табан жақындай түсті.

Теннис ракеткасын ұстаған кез-келген спортшының арманы алдымен үлкен дулыға жарыстарында топ жару. Ерінбей еңбек еткендер ғана сол биікті бағындырып жатады. Ал әлемдік рейтингінің көшін бастау бұл әркімге бұйыра бермейтін бақ! Міне бағы бабы қатар шапқан Елена Рыбакина бірақ күнде теннис әлемін дүр сілкіндірді. 2018 жылы Қазақ елі Елена қызға құшағын айқара ашып, мол мүмкіндіктер берді. Ресей жерінде туған Рыбакина Қазақстанды жатырқаған жоқ. Бірден бел шеше жұмысқа кірісіп, еңбегінің жемісін көре бастады. Ірілі-ұсақты турнирлерден бөлек, 2022 жылы Wimbledon турнирінде топ жарса, осы жылы Australian Open үлкен дулыға жарысын жеңіп алды. Ал кеше әлемдік рейтингінің көш бастап келген белоруссиялық Арина Соболенконы сырғытып, тізгінді өз қолына алды.

Елена Рыбакина, Әлемнің бірінші ракеткасы:

- Әрине бүгінгі жетістігім мен үшін өте маңызды. Бірақ бұған дейін айтқанымдай негізгі мақсатым – үлкен жарыстардың барлығында жеңіске жету. Егер биік шыңдарды бағындырып жатсам, рейтинг өзі келе береді. Дегенмен әлемнің бірінші ракеткасы болудың қаншалықты керемет екенін, үлкен спорттағы мансабым аяқталған соң сезінетінім анық.

Теннистің майын ішкен мамандардың өзі Рыбакина US Open-де ширек финалдан аса алмайды деп болжаған. Біріншіден, Елена жарақатына байланысты Циницинаттидегі турнирге қатыса алған жоқ. Екіншіден, ширек финалда жерлесімізді корт иесі Наоми Осака күтіп отырған еді. Америкалық теннисшілерді жергілікті жанкүйерлердің алдына ұту оңай шаруа емес. Рыбакинаның басты ерекшелігі ашуға бой алдырмайды. Өте салқынқанды. Тағы бір көзірі соққысы мығым. Егер допты ойынға қосар кезде сауаттылық танытса кез-келген қарсыласын ұтуға шамасы жетеді. Міне осындай тактикамен Наомидің тас-талқанын шығарған Елена кеше ширек финалда қытай қызымен кездесті. Әлемдік рейтингіде 121 сатыда тұрса да Чжэн Циньвэнь осы жарыста сұрапыл ойнап келді. Мэдисон Киз бен Ига Швентек секілді мықтылардың жолын кескен қытай теннисшісі кеше де жеңістен дәмесі болған. Бірақ қанша тырысқанымен Рыбакинадан айласын асыра алған жоқ.

Елена Рыбакина, Әлемнің бірінші ракеткасы:

- Менің ойымша, кез-келген теннисші үлкен дулыға жарыстарында топ жаруға тырысады. Менің де қазіргі мақсатым сол. US Open-де бас жүлде алу. Сол үшін алдағы болатын ойындар да бар күш-жігерімді саламын. Сәттілік әліде маған серік болады деген үміттемін.

Осылайша US Open турнирі аяқталмай жатып, әлемнің бірінші ракеткасы атанған тұңғыш Қазақстандық теннисші ретінде Елена Рыбакина тарих жасады. Ертең жерлесіміз корт иесі Кори Гауфф пен финалдық жолдамаға таласады. Ар жағында финал тұр. Егер қанжығасы майланып жатса, қос қуанышпен қайтады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz