RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде футбол стадионын салуға 6,5 млрд теңге бөлінді

11.09.2026, 09:28 53

 Ақтөбеде футбол жанкүйерлерінің көптен күткен жаңа стадионы бой көтеріп жатыр. Сыйымдылығы 35 мың көрерменге дейін жететін заманауи арена қаладағы ең ірі спорт нысандарының біріне айналмақ, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңа стадионның құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент елімізде футболды дамытып, өңірлердегі спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырған болатын.

Жобаның алғашқы кезеңіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 6,5 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары биыл басталды. Нысанды 2028 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.Жаңа арена Ақтөбенің батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта орналасады. Жоба УЕФА-ның 4-деңгей талаптарына сай әзірленген. Бес қабатты спорт ғимаратының жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асады.

Стадионда футбол алаңы мен көрермендер трибуналарынан бөлек, командаларға, төрешілерге және БАҚ өкілдеріне арналған барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылады. Сонымен қатар мұнда жас футболшыларды даярлауға мүмкіндік болады.

Жаңа нысанның қажеттілігі де айқын. Ақтөбедегі қазіргі орталық стадион 1975 жылы салынған. Арена небәрі 13 мыңға жуық көрерменге арналған.

Ал «Ақтөбе» футбол клубының ойындарына қызығушылық жыл санап артып келеді. Кей матчтарда командаға қолдау көрсетуге ниетті жанкүйерлер саны стадион сыйымдылығынан үш есеге дейін асып түседі. Яғни жаңа арена – тек заманауи нысан емес, қаладағы футболға деген сұраныстың нақты жауабы.

35 мың жанкүйерге есептелген стадион пайдалануға берілген соң Ақтөбе халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын қабылдай алады. Сондай-ақ мұнда ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуге жол ашылады.

Осылайша, жаңа стадион Ақтөбенің спорттық инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, футболдың өңірдегі дамуына жаңа серпін бермек.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz