20 қыркүйекте Астанада UNICEF Charity Run 2026 қайырымдылық жүгіру марафоны өтеді. Жаппай жүгіру елорданың Ботаникалық бағында өтеді, деп хабарлайды «24KZ».
Іс-шара балаларды қолдауға және Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Марафон барысында жиналған қаражат ЮНИСЕФ-тің осы бағыттағы бағдарламаларына жұмсалады.
UNICEF Charity Run – әлемнің бірқатар ірі қалаларында өткізіліп келе жатқан халықаралық қайырымдылық бастама. Астана биыл бұл жобаға алғаш рет қосылып отыр.
Марафон кәсіби спортшылар мен әуесқойларды, балалар мен ересектерді, отбасылар мен қоғам өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіреді. Қатысушылар үшін 2, 5 және 10 шақырымдық үш қашықтық қарастырылған.
2 шақырымдық жүгіруге 7-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Балалар үшін қатысу тегін. 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға 16 жастан асқан азаматтар қатысады.
Балалар мен мүгедектігі бар адамдарды тіркеу ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы платформалары арқылы жүргізіледі. Ал 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға қатысу үшін Freedom Ticketon платформасында тіркелу қажет.
Марафон бағдарламасы 20 қыркүйекте сағат 08:00-де басталады. 10 шақырымдық жарыс сағат 09:00-де, 5 шақырымдық жүгіру 09:10-да, ал балалар арасындағы 2 шақырымдық жарыс 09:15-те басталады.
Балаларға арнап сағат 08:30-дан 12:00-ге дейін арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады.
Қатысушылардың жүгіру жиынтықтары 18-19 қыркүйек күндері сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде беріледі.
Ал басқа қалалардан келген қатысушылар жиынтықтарын 20 қыркүйек күні сағат 07:00-ден 08:00-ге дейін ала алады.
Марафонды ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Спортты қолдау қоры және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) бірлесіп өткізеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #UNICEF Charity Run 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz