Бүгін түнде Елена Рыбакина US Open турнирінің финалында кортқа шығады. Қазақстандық теннисшінің қарсыласы – 98 апта бойы әлемнің үздік ракеткасы болып келген Арина Сабаленка.
Белорусь спортшысын бірер күн бұрын Рыбакина көш басынан ығыстырған еді. Финалдық ойынның нәтижесіне қарамастан әлемдік рейтингте Елена бірінші орынға көтеріледі.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Соңғы жиырма күн ішінде теннис сүйер қауымның назары Нью-Йоркқа ауды. Алып мегаполис әлемнің кіл мықтыларын жинап, Билли Джин Кинг атындағы теннис орталығының көркін қыздырды.
Мұндағы жанкүйерлер жұманың кешінде ерлер арасындағы ширек финалдың ойындарын түн ортасына дейін күтіп көріп, жанкүйерлік танытып жүр. Аренаның іші-cырты бірдей қарбалас. Біразын сөзге тартып, ертең болатын Рыбакина мен Соболенка арасындағы финалдық бәсеке жайлы пікірлерін білдім.
София, матч көрермені:
- Қайсысы жеңсе де, керемет матч болады деп ойлаймын. Екеуі де мықты, сондықтан кімнің жеңетінін болжау қиын.
Кристи, матч көрермені:
- Рыбакина – керемет теннисші. Ойын өрнегі ерекше, өз қолтаңбасы бар мықты спортшының финалға шыққанына өте қуаныштымын. Матч өте тартысты болатын шығар. Жарысты асыға күтіп жүрміз.
Қос теннисшінің бәсекесі жанкүйерлерге жақсы таныс. Олар бұған дейін 17 рет кездескен: Соболенка 10, Рыбакина 7 рет жеңіске жетті. Биыл Australian Open финалында қазақстандық спортшы басым түссе, Indian Wells турнирінің шешуші кездесуінде белорусьтік теннисші қарымта қайтарды. Бұны осы саланың басы қасында жүрген шетелдік журналистер де қызыға айтып жүр.
Кристиан Баснайт, америкалық спорт шолушысы:
- Керемет матч болады деп күтемін. Екеуі кездескен сайын ойын үш сетке дейін созылып, тартысты өтеді. Екеуі де допты өте қатты соғады. Тіпті доптардың өзіне жаным ашиды.
Ю Хирасава, жапониялық журналист:
- Рыбакина әрдайым сабырлы ойнайды. Соболенка эмоцияға беріліп кетуі мүмкін. Ал Рыбакина қателессе де, тез жинақталып, ойынын жалғастырады. Сондықтан Рыбакина жеңеді деп ойлаймын.
Бүгінгі финал қалай аяқталса да, Елена Рыбакина Қазақстан теннисі тарихында жаңа белеске көтерілді. Ендігі мақсат – әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін US Open кубогымен бекіту.
Авторы: Ердана Ержанұлы
Тегтер #24KZ #US Open #Рыбакина #финал #теннисPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz