RU
Толық нұсқаға өту

Рыбакинаға арнайы жүлде табысталды

15.09.2026, 10:20 45

Дастан Сәтпаев Ұлттар лигасы аясында өтетін матчтарға қатыспайды. Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы алдағы 4 ойынға арналған тізімді бекітті. Олардың арасында Дастан Сәтпаев жоқ. Оған «Бернли» сапында алған жарақаты себеп. 

Елена Рыбакинаға Әлемнің бірінші ракеткасы ретінде арнайы жүлде табысталды. Қазақстандық теннисші US Open-дегі тарихи жеңісінен кейін рейтингте көш бастап, арнайы марапатқа ие болды. WTA ұйымы жеңімпазға теннис әлемін бейнелейтін күмістен жасалған доп тарту еткен. Сондай-ақ Рыбакина осы жетістігінің арқасында әлемнің үздік 8 теннисшісі қатысатын АҚШ-тағы Индиан-Уэллс турниріне алғаш болып жолдама алды.

Елена Рыбакина, US Open турнирінің жеңімпазы:

- Бұл жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл керемет сапар болды, ұмытылмас сәттер де көп болды. Бұл тек бастамасы деп үміттенемін. Баршаңызға рахмет!

Үстел теннисінен Президент кубогы өтеді

Бүгін Астанада WTT Star Contender турнирі басталады. Әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары Қазақстан Президентінің кубогы үшін сынға түседі. Ашық жарысқа 29 елден 160-тан астам спортшы қатысады. Сайыстың жалпы жүлде қоры – 300 мың доллар. Президент кубогы осымен елордада екінші рет өткізіліп отыр. Бәсекеге әлемдік рейтингте жоғары тұрған спортшылармен қатар, Ұлттық құрама өкілдері де қатысады. Жарыс 20 қыркүйекке дейін Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.   

Руслан Жетубаев, ұйымдастырушы:

- Додада Қазақстан намысын 40-қа жуық спортшы қорғайды. Олардың қатарында танымал спортшы Фан Бо да бар. Турнир бағдарламасында жекелей және жұптық сайыстар бар. Халықаралық деңгейдегі додалар қазақстандық спортшылардың тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. Президент кубогы – елдегі үстел теннисін дамытуға бағытталған ірі халықаралық жобалардың бірі.

Асланбек Шымбергенов спорттық мансабын аяқтады

Бокстан Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов спорттық мансабын аяқтады. Қазір ол Жамбыл облысындағы кәсіпқой бокс клубында қызмет атқарып жүр. Ұлттық құраманың экс-капитаны рингке қайта оралуды жоспарлап, жаттығуды бастап та көрген. Кейін мансабын жалғастырмау туралы нақты шешім қабылдаған.

Былғары қолғап шебері ұзақ жылдар бойы Ұлттық құраманың көшбасшысы болды. Ол ересектер арасында ел біріншілігін 2 рет ұтып, Азия ойындары мен Азия чемпионатында топ жарды. 2023 жылы Әлем чемпионы атанды.

Асланбек Шымбергенов, бокстан Әлем чемпионы:

- Боксқа қайта оралу туралы ой болды. Тіпті жаттығуды қайта бастап та көрдім. Бірақ ойдағыдай болмады. Сондықтан кәсіби мансабымды аяқтау туралы бір шешімге келдім. Қазір Жамбыл облысында кәсіпқой Бокс клубы басшысының орынбасары болып жұмыс істеп жүрмін.

Әлем чемпионатына қатысатын дзюдошылар анықталды

Дзюдодан Бакудегі Әлем чемпионатында ел намысын кімдер қорғайтыны белгілі болды. Дүбірлі додада Қазақстан атынан 15 отандасымыз жарыс жолына шығады. Ерлерден 60 келіде Аман Бақытжан мен Шерзод Давлатов, 66 келіде Нұрқанат Серікбаев пен Асылжан Жұбатқанов, 73 келіде Есет Қуанов пен Аңсарбек Ғайнуллин, 81 келіде Жалғас Қайролла мен Абылайхан Жұбаназар және 90 келіде Данил Крылов татамиге шығады.

Ал әйелдерден 48 келіде Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева, 63 келіде Эсмигүл Куюлова, 78 келіде Аруна Жангелдина шықса, аса ауыр салмақта Кәмила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова өнер көрсетеді. Балуандарымыз жекелей және аралас командалық сайыста бақ сынайды. Әлем біріншілігі 4-11 қазан аралығында өтеді.

Авторы: Мерей Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz