RU
Толық нұсқаға өту

УЕФА: Қазақстанға қандай клубтар келуі мүмкін?

17.09.2026, 08:45 48

Екі алып клуб. Бір стадион. Миллиондаған көрермен. 2028 жылы елордада өтетін УЕФА Суперкубогі әлем назарын өзіне аударғалы тұр. Беделді бәсеке Астанаға да көл-көсір пайда әкелуге тиіс. Сонымен Қазақстанға қандай клубтар келуі мүмкін? 

Мерей Қанапия, тілші:

- Еуропаның клубтық футбол маусымын ашатын дәстүрлі матч енді біздің елде өтеді. Футбол десе, ішкен жерге қоятын қазақ жанкүйерлері бұл жаңалыққа басында тосынқырап, таңғалғаны рас. Енді келесі маусымдағы чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздарын дәл осы «Астана Арена» стадионынан көреміз.

Ермұхамед Мәулен, футбол сарапшысы:

- Еуропа лигасын көбінесе «Севилья», «Фиорентина», «Астон Вилла» секілді деңгейлес командалар жеңеді. Бірақ 27-28 жылғы маусымда Челси секілді командалар жеңсе екен деп отырмын. Енді Барселона, Реал, ПСЖ, Манчестер Сити деген алпауыт клубтардың бірі 100 пайызы келеді. Соған деңгейлес болатындай мықты команда келсе екен деп отырмын.   

«Астана Арена» ірі халықаралық матчтарды қабылдауға дайын. УЕФА-ның 4-ші санатына сай келетін стадион осыған дейін Қазақстан Құрамасы мен отандық клубтардың еурокубоктік ойындарын өткізіп, біраз тәжірибе жинақтады. 

Скотт Манн, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы:

- «Астана Арена» әлемнің үздік стадиондарымен бәсекелесе алатынына сенеміз. Енді барлығымызды керемет футбол кеші күтіп тұр. Біз Қазақстанды әлемдік футбол кеңістігінің бір бөлігі ретінде көргіміз келеді. Елімізде осы спорт түрі дамып келе жатқанын байқап отырмыз және бұл – сол жолдағы үлкен қадамдардың бірі. Мұндай мүмкіндік Қазақстанды тек УЕФА аясында ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдар мен турнирлерге, сондай-ақ әлемнің жетекші клубтарына кеңінен танытуға жол ашады.

Матчты тамашалау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 15 мыңға жуық жанкүйер келуі мүмкін. Мәселен, Аустрияда өткен суперкубоктык ойында ПСЖ мен Астон Вилла фанаттарына 7-7 мыңнан 14 мың квота бөлінген болатын. Ендігі мәселе – стадиондағы жасанды төсенішті табиғи газонға алмастыру. 

Ермұхамед Мәулен, футбол сарапшысы:

- «Астана Аренаның» жасанды төсенішін қазір сағат 12-де бастасақ, кешкі сағат 6 ға шейін алып тастауға болады. Еш қиындығы жоқ. Және орнына шөп, табиғи газонды әкеліп, орнатуға да болады. Ол да әрі кеткенде 2 күндік жұмыс деп есептеймін өз басым. Дренажымен, су алмасу жүйесімен қоюға болады. Адамдар ғарышта картошка өсірейін деп жатыр ғой қазір. Сондықтан «Астана Аренада» шөп өсіруге болады. 

Кім келеді? Қай клуб жеңеді? Оны уақыт көрсетеді. Ең бастысы 2028 жылғы УЕФА Суперкубогының чемпиондары осы стадионда анықталады.

Авторлары: Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz