Қазақ ұлттық спорт университеті Халықаралық Олимпиада комитетінің олимпиадалық зерттеу орталықтарының халықаралық желісіне енді. Жоғары оқу орны Olympic Studies and Research Centre тарапынан ресми мойындалды. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда ХОК тарапынан осындай деңгейде мойындалған алғашқы ел атанды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Енді Қазақстан Олимпиада қозғалысының тарихын, құндылықтарын, мұрасын және оның қоғамға ықпалын ғылыми тұрғыда зерттейтін әлемдік академиялық қауымдастықтың қатарында.
Academic Olympic Studies and Research Centres жаһандық желісіне кіретін орталықтар олимпиадалық тақырып бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оқу бағдарламаларын әзірлейді, ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастырады және зерттеу еңбектерін жариялайды.
Қазақ ұлттық спорт университетінің базасында Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы жұмысын дамытуда. Оның негізгі мақсаты – Олимпиада тақырыбын заманауи спорт ғылымы мен білім беру жүйесінің маңызды бағытына айналдыру.
Орталықта Олимпиада қозғалысының тарихы мен дамуы, олимпиадалық құндылықтар және Олимпиада ойындарының мұрасы зерттеледі. Сонымен қатар студенттер, оқытушылар, зерттеушілер мен спорт саласының мамандары үшін ғылыми пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаң қалыптастыру көзделген.
Халықаралық желіге қосылу университетке шетелдік академиялық орталықтармен байланыс орнатып, ғылыми зерттеулер мен білім беру тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік береді. Бұл ретте халықаралық орталықтар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу желінің негізгі бағыттарының бірі саналады.
Бүгінде әлемде университеттер жанында олимпиадалық білім мен ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған 80-ге жуық академиялық зерттеу орталығы бар. Қазақстан Орталық Азияда Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан осындай деңгейде мойындалған алғашқы ел болып отыр.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда олимпиадалық зерттеу орталығының құрылуы халықаралық тәжірибені зерделеумен қатар, Олимпиада қозғалысы аясындағы ұлттық ғылыми зерттеу күн тәртібін қалыптастыруға жол ашады.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық спорт университеті Мемлекет басшысының тапсырмасымен спорт саласына жаңа буын мамандарын даярлайтын стратегиялық білім беру алаңы ретінде құрылған. Университет білім беру мен спорт ғылымын, медицинаны және оңалтуды, цифрлық технологияларды және спорт саласына қажетті өзге де бағыттарды біріктіретін заманауи экожүйе қалыптастыруды көздейді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ХОК #Қазақ ұлттық спорт университеті #ҚР Туризм және спорт министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz