Елдегі құралайды көзге атқан мергендер Атырауға жиналды. Жайық жағасындағы шаһарда дәстүрлі садақ атудан ересектер арасында ел чемпионаты өтіп жатыр.
Бесінші рет ұйымдастырылған садақшылар сайысына әр өңірден 350 мерген келді. Олар төрт кезеңде, түрлі нысананы көздеп, сынға түседі.
Садақшылар сайысы – мергендердің жарысы ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлттық мұраны дәріптейтін дода. Чемпионатқа қатысушылардың бірі – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан алтын алған, 51 жастағы өскемендік Аяш Қабдоллаева. Отбасымен бірге дәстүрлі садақ атумен айналысады. Чемпионатқа келіні әрі бапкері Ажар Төлеухановамен келген.
Аяш Қабдоллаева, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:
- Жалпы садаққа келуіме себепкер болған келінім. Келінім үйге келін болып түскен кезде өзінің садағымен келген болатын. Ол кезде бастап жүрген кезі, бір жылдай айналысып қалған. Бізге келген соң садағын көрсетіп, қызықтырып, атқызып көрсетті. Бірден қызықтым. Бірақ бірден ата алмадым. Жолдасымды да, атасын да үйретті. Атасы бастады. Одан кейін атасы екеуі жарысқа барып, жарыстан жеңіспен оралды да, содан кейін әрі қарай жалғастырып жатыр. Ал мен кейіннен қосылдым. Мінекей, 2 жыл болды.
Ажар Төлеуханова дәстүрлі садақ атумен 2018 жылдан бері айналысады. Қазір кәсіпқой садақшы енесімен бірге ұлттық құраманың спортшысы. Ажар өзі ғана айналыспай, жақын-жуығына ұлттық өнерді дәріптеп жүр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына енесінің бапкері ретінде барды.
Ажар Төлеуханова, садақшы:
- Әуесқой спорттан кәсіпқойға ауыстық. Жалғыз өзім ғана емес, ата-анамды және де ата-енемді осы спортқа баулып, қазір отбасымызбен садақ атамыз.
Жалпы өңірде соңғы жылдары дәстүрлі садақ ату спорты жақсы дамып келеді. «Қазір облыстағы мергендер құрамасы еліміздегі үздік үштікке кіреді», - дейді ұйымдастырушылар.
Марат Бексұлтан , облыстық Дәстүрлі садақ ату федерациясының төрағасы:
- Осы дәстүрілі садақ атумен айналысу спорт болып танылғанға дейін өнер ретінде жүретін. Сол кезден бастап, біздің Атырау мектебі, садақ ату мектебі өте жоғары деңгейде өнерін көрсетіп келе жатыр. Сол бір Қазақстандағы үш ТОП-мектеп бар болатын болса, соның үштігіне кіретін бір мектептердің бірі болып саналады.
Биылғы чемпионат дәстүрлі садақ ату спортының аясын кеңейтіп, өңірлердегі спортшылардың деңгейін бағамдауға мүмкіндік береді. Үздіктер алдағы халықаралық бәсекелерге іріктеледі.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Дәстүрлі садақ атудан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының V чемпионатына еліміздің әр өңірінен 350 мерген жиналды. Садақшылар төрт нысаны түрі, яғни пута, қалқан, жамбы және Орта Азия бойынша бақ сынап жатыр. Чемпионат 20 қыркүйекке дейін жалғасады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #24KZ #Атырау #садақ ату #чемпионат #садақшылар #ұлттық спорт #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz