Қазіргі бессайыстан Қазақстан спортшылары Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында басталған жазғы Азия ойындарының финалына шықты.
Аяна Қазбекова мен Диана Щедрова өз топтарында бесінші орын алып, шешуші кезеңге жолдама алды. Юлиана Петрова да іріктеу кезеңінен өтті. Әйелдер арасындағы финалдық жарыс 20 қыркүйекте өтеді.
Шорт-трек шеберлерінің сайысы
Астанада шорт-трек шеберлері бас қосты. Алау мұз айдынында өтіп жатқан ел чемпионатында тәжірибелі спортшылармен қатар көптеген жас спортшылар бақ сынауда. 1000 метрге жарысқан жігіттер арасынан халықаралық турнирлердің жүлдегері Әділ Галиахметов алдына жан салған жоқ. Шымкенттік Айбек Темірхан екінші орыннан көрінсе, қола Солтүстік Қазақстан өкілі Максим Саенкоға бұйырды. Ал қыздар арасында Алина Әжғалиева алтыннан алқа тақты. Шығыс Қазақстан намысын қорғаған Зейнеп Құмархан күміс жүлде иеленсе, Батыс Қазақстандық Гүлдана Жалмұқан үштікті түйіндеді. 2000 метрлік аралас эстафетада Қостанай облысы топ жарды. Қазақстан чемпионатының қортындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғауға барады.
«Аль-Насрды» аяған жоқ
Азия чемпиондар лигасында басты фавориттердің бірі Сауд Арабиясының «Аль-Насры» болатын. Құрамында Криштиану Роналду мен Жуан Феликс, Кингсли Коман мен Садио Мане секілді мықтылар ойнайтын команда биыл топ жарады деп топшылайтындар көп. Алайда «Аль-Наср» алғашқы турда оңбай сүрінді. Біріккен Араб Әмірліктерінде жергілікті «Аль-Айн» командасымен кездесіп қонақтар 0:4 есебімен ойсырай ұтылды. «Аль-Наср» жұлдыздары қанша тырысқанымен алаң иелерінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Маусымды өте жақсы бастаған Ангелос Постекоглу шәкірттері соңғы 2-3 ойында сүреңсіздікті серік етіп жүр. Егер осылай жалғаса беретін болса, Грек бапкеріне клуб қожайындары сау бол айтуы мүмкін. «Аль-Наср» ұлттық біріншіліктегі келесі кездесуін қазан айының 9-ы күні «Аль-Драихқа» қарсы өткізеді.
Ширек финалға шыққандар белгілі
Қыздар футболына деген қызығушылық төмен. Дәл осы күндері Польша жерінде 20 жасқа дейінгі бұрымдылардың дүниежүзілік жарысы өтіп жатыр. Топтық кезең былай тұрсын, плей-оф кезеңінде де стадиондар толған жоқ. Жалпы доп додасының өзіне келер болсақ, әрбір ойын тартысты өтуде. Кеше ширек финалға алғаш болып шыққан 4 команда анықталды. Олар – Бразилия мен Испания және Оңтүстік Корея мен Италия. Төрт жыл бұрын қола жүлдеге қол жеткізген Америкалықтардың биыл қоржыны бос қайтты. Олар Бразилиямен болған тартысты ойында матч соңындағы пенальтиден ұтылып қалды. Кәріс қыздары 2012 жылдан кейін бірінші рет ширек финалдық кезеңге жолдама алды. Олар Аргентинамен болған ойында 1:0 есебімен басым түсті. Матчта соғылған жалғыз голдың авторы – Йе Джу Бом. Енді Оңтүстік Корея Италиямен жартылай финалдық жолдамаға таласады. Ал Италия өз кезегінде Қытай қыздарын еліне қайтарды. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталып, пенальтиден қытай құрамасының жолы болған жоқ. 2022 жылы чемпион атанған Испандар төрт жыл бұрын үздік үштікке де кіре алмаған. Биыл бас жүлде алуды көздеп отыр. Әзірше қарқындары жаман емес. Плей-оф кезеңінде Португалияны 2:0 есебімен ұтқан Испан қыздары енді Бразилиямен айқасады.
Тегтер #24KZ #Астанa #шорт трек #футбол #Польша #БАӘ #қыздар футболыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz