Елімізде спорт жабдықтарына қойылатын бірыңғай талаптар белгіленді, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа техникалық регламенттер спорт және гимнастика жабдықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Туризм және спорт министрлігі қабылдаған құжат спорт инфрақұрылымының сапасын арттырып, бұқаралық және кәсіби спортпен шұғылдану үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа стандарттар жабдықтарды жобалап, өндіруден бастап, оларды монтаждау, пайдалану, сақтау, тасымалдау және кәдеге жаратуға дейінгі барлық кезеңді түгел қамтиды. Атап айтқанда, бұл талаптар футбол, мини-футбол, гандбол және хоккей қақпаларына, батуттарға, сондай-ақ гимнастикалық құрылғылар мен төсеніштерге қатаң түрде қолданылады.
Қауіпсіздік – бұқаралық және кәсіби спортты дамытудың негізгі құрамдас бөлігі. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер тұрақты түрде жаттығатын спорт мектептері, секциялар мен дене шынықтыру нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Бүгінде біз спорт инфрақұрылымын кеңейтіп, қауіпсіздікке қойылатын талаптарды да күшейтіп жатырмыз. Жаңа техникалық регламенттер спорт жабдықтарының сапасына, оларды орнату және пайдалану тәртібіне бірыңғай талаптар қалыптастырады. Бұл – Қазақстандағы спорт инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіріп, спортшылар мен дене шынықтырумен айналысатын барлық азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау бағытындағы маңызды қадам, – деді Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары Руслан Серғазин.
Айта кетейік, аталған техникалық регламенттер Сауда және интеграция, Ұлттық экономика министрліктерімен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен толықтай келісілді.
Тегтер #спорт #жабдықтар #біріңғай талаптар #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz