Ксения Игнатова мен Глеб Коваления жүзуден жазғы Азия ойындарының финалдық кезеңіне өтті.
Ксения әйелдер арасында 50 метрлік бәсекеде шалқалай жүзуден 7-орыннан көрініп, ақтық кезеңге жолдама алды. Ал ерлерден Глеб Коваления еркін әдіспен жүзуден мәреге 9-шы жетіп, финалда өнер көрсету мүмкіндігін иеленді. Сондай-ақ нысана көздеуден Қазақстан құрамасы үздік ондықтан көрінді.
Қазақстан құрамасы Азия ойындарының алғашқы күнінде 6 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі алтын, екеуі қола. Алдымен велоспорттан Алексей Луценко мен Рината Сұлтанова топ жарса, каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева алтыннан алқа тақты. Ал триатлоннан Арлан Жаңабай мен қазіргі бессайыстан ерлер командасы қолаға қол созды. Дәл қазір жалпы командалық есепте Қытай 11 алтынмен көш бастап тұр. Жапония екінші орынға жайғасса, Оңтүстік Корея үздік үштікті түйіндеді. Қазақстан 4 алтын, 2 қола медальмен 4-сатыға жайғасты.
Азамат Имашев, Қазақстан спортшылар кеңесінің төрағасы:
- Велошабандоздарымыз Рината болсын, Луценко болсын жарыстың үшіші күні командалық жарыс болады. Одан да біз жүлде күтеміз. Жалпы велоспортта даму жақсы жүріп жатыр. Реформаның нәтижелері жемісін беріп жатыр. Барлық өңірде азия ойындарына кіретін спорт түрлері жақсы дамып жатыр. Жас спортшыларымыз лидерлерден мотивация алып, өседі деп ойлаймын.
Берік Қасенов, каратэден ұлттық құраманың бас бапкері:
- Ойдағыдай екі баламыз финалға шығып, екеуі де үмітті ақтап, алтын ұтты. Әлі 2 күніміз бар. Босаңсуға болмайды. Балдар жақсылап бастап берді. Әрі қарай осы қарқынды алып кетсе өте күшті болар еді.
Шахматшыларымыз 5-ойында жеңіске жетті
Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасында қатарынан 5-ойында жеңіске жетті. Жерлестеріміз Германиямен кездесіп, 5 сағатқа созылған тартысты кездесуде 2,5 ұпай жинап, қарсыластарынан басым түсті. Командаға жеңіс әкелген жалғыз нәтижелі партияны Меруерт Қамалиденова өткізді. Қалған үш тақтадағы партия тең аяқталды. Қыздарымыз бұған дейін Ботсвана мен Исландияны, Босния және Герцеговина мен Словения құрамаларын тізе бүктірген еді. Ал ерлеріміз Эстониямен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті. Команда сапынан Сауат Нұрғалиев жеңіске жетсе, Денис Махнев пен Даниал Сәпенов тең ойнады. Ал Аңсат Алдияр ұтылып қалды.
ҚХЛ: «Барыс » 2-орынға көтерілді
«Барыс» кезекті рет сырт алаңда жеңіске жетті. Бұл жолы Құрлықтық хоккей лигасының чемпионы саналатын ресейлік «Локомотивті» ойсырата ұтты. Қорытынды есеп 5:0. Алғашқы кезеңде астаналықтар қарсылас қақпасына жауапсыз 2 шайба соқты. Алдымен Джейк Масси көзге түссе, артынша Логан Джи есепті еселеді. Екінші кезеңде Джастин Бэйли мен Аңсар Шайхмедденов таблодағы көрсеткішті 4:0 ге жеткізді. “Барыс” үшінші кезеңде де шабуылға ден қойып, 5-шайбасын соқты. Гол авторы Семен Симонов. Осылайша қазақстандық команда маусымдағы 4-жеңісіне қол жеткізіп, турнирлік кестеде 2-орынға көтерілді. Айта кетейік Ярославльдің “Локомотиві” соңғы 2 маусым қатарынан лигада топ жарды.
Тегтер #Қазақстан #суда жүзу #Азиада 2026 #Азия ойындары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz