Қазақстан үстел теннисінен Азия ойындарының плей-офф кезеңіне шықты. Ерлер құрамасы топтағы алғашқы 3 ойында да жеңіске жетіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Алдымен Сингапурды 3:1 есебімен ұтса, Бангладешті 3:0, Лаос құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Қыздарымыз шахмат олимпиадасында көш бастады
Алты матчта алты жеңіс. Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасында көш бастады. Бұл жолы Әзірбайжанмен кездесіп, 2,5 ұпаймен жеңіске жетті. Ал қарсыластары 1,5 ұпай еншіледі. Тартысты ойын тағдырын ұлттық құрама сапынан Алуа Нұрман шешті. Ол Гюнай Маммадзаданы ұтып, командасына толық бір ұпай сыйлады. Ал Бибісара Асаубаева мен Меруерт Қамалиденова және Зарина Нұрғалиева тең ойын көрсетті. Осылайша, қыздарымыз 6 ойын қатарынан жеңіске жетіп отыр. Бұған дейін Ботсвана мен Босния және Герцеговинаны, Армения мен Словения, Германия спортшыларынан басым түсті. Ал ерлеріміз Колумбияны 3,5 ұпаймен қапы қалдырды. Командаға Денис Махнев пен Сауат Нұрғалиев, Даниял Сәпенов жеңіс сыйласа, Жандос Ағыманов тең ойнады. Олардың еншісінде 6 турдың қортындысы бойынша 4 жеңіс, 1 тең ойын және 1 жеңіліс бар.
Қазақстан төртінші орында тұр
Қазақстан жазғы Азия ойындарында екі күннің қорытындысы бойынша жалпы есепте 4-ші орында тұр. Ел қоржынында 8 медаль бар. Оның төреуі алтын, біреуі күміс және қалған үшеуі қола. Әзірге Қытай құрамасы 23 алтынмен көш басында келе жатыр. Жапония 8 алтынмен екінші орынға жайғасса, Оңтүстік Корея 5 алтынмен үздік үштікте тұр. Бүгін де қоржынымыз кезекті жүлделермен толығуы мүмкін. Яғни 29 спорт түрінен отандастарымыз жарыс жолына шығады.
Александр Бублик әлемдік рейтингте төмендеді
Александр Бублик әлемдік деңгейдегі үздік 20 теннисшінің қатарынан шығып қалды. Ол жаңартылған ATP рейтингінде төрт сатыға төмендеп, 21-ші орынға тұрақтады. Оның еншісінде 2185 ұпайы бар. Бұл Бублик үшін маусымдағы кезекті өзгеріс. Оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіші биыл қаңтар айында тіркелді. Яғни еліміздің бірінші ракетасы әлемдік рейтингте 10-шы орынға дейін көтерілген еді. Әзірге қазақстандықтардан Александр Шевченко бірден 16 саты төмендеп, 109-орынға түссе, Тимофей Скатов бір позицияға төмендеп, 199-шы орынға жайғасты. Әзірге көш басына италиялық Янник Синнер жайғасса, германиялық Александр Зверев екінші орында тұр. Ал үздік үштіктен испандық Карлос Алькарас көрінді.
Тегтер #24KZ #шахмат #Олимпиада #Үстел теннисі #Азиада 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz