ХХ Азия ойындарының сейсенбілік жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды.
Қоржынымызға 2 алтын, 2 қола медаль түсті. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяны артқа тастап, әзірше үшінші орында келеді.
Жекпе-жектің кез келген түрінен қазақтың қайсар ұлдары байрақты бәсекелерде намысты қолдан берген емес. Сондықтан аралас жекпе-жек өнері Азия ойындарының бағдарламасына енді дегенді естігенде қуанғанымыз рас. Жапон жеріне барған жігіттердің барлығы жүлдесіз қайтпады. Кеше Санжар Әділов қола жүлдеге қол жеткізсе, бүгін Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев шың басына шықты. Жерлестеріміз іріктеу кезеңінде қарсыластарының зәресін алып қойған. Қарсы келгендерді құлатып, екеуі де сенімді түрде финалға шықты. Бүгін шешуші жекпе-жекте де қазақ ұлдары өз шеберліктерін тағы бір мәрте паш етті. Алдымен Еркінғали Бахрейн намысын қорғаған Мұхаммад Набиевті тас-талқан етіп ұтса, артынша Қадырбек тәжік спортшысы Бехруз Хуршедзодан басым түсіп, көк туымыздын жапон жерінде желбіретті. Каратэші қыз-жігіттерге де ел ықыласы ерекше. Күн сайын қоржынымызға қос-қостан жүлде салып жатқан спортшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бүгін қыздар арасында Бэлла Самашева қола жүлдеге қол жеткізсе, Нұрқанат Әжіқанов та осы биіктен көрінді.
Бірде бақ, бірде бап шабады деп жатамыз. Жүлденің ауылына жақындап келіп сүрініп жатқан спортшыларымыз да бар. Бүгін су спорты түрлерінен жерлестерімізге екі бірдей финалдық кезең жолдамасы бұйырған. Бірақ дәл қазіргі уақытта қытай мен жапон спортшыларының алдына түсу мүмкін болмай тұр. 200 метрге арқамен жүзу бәсекесінде іріктеу кезеңінен іркілмей өткен Ксения Игнатова финалда 7-сатыға табан тіресе, 100 метрге кешенді жүзу сайысында Қазақстан ерлер құрамасы эстафеталық сында 4-ші болып келді. Құралайды көзге мергендеріміз мүлт кетіп жатыр. Бүгін аралас жұптар сайысында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев пен Александра Леге сенім артып едік, өкінішке орай, спортшыларымыз іріктеуден аса алмады. Дегенмен, нысана көздеу сайыстары әлі аяқталған жоқ. Әлі бірнеше жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Жерлестеріміз жүлде бөлісіне араласады деген әлі де үміт бар.
Тегтер #Азия ойындары #Азиада 2026 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz