Қазақстандық ескекші Владислав Яковлев Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы тарихи жеңісінен кейін пікір білдірді.
Ол Иван Чернухинмен бірге Қазақстан тарихында академиялық ескек есуден Азиада алтынын алғаш рет жеңіп алды.
"Әрине, қазір төбем көкке жетіп, көңілім орнына түсті. Өйткені жеңіске жету жолында атқарған еңбегіміз ақталды. Өзімді, командамды және елімді мақтан тұтамын. Бұл мен үшін үлкен қуаныш.
1000 метрден кейінгі қашықтықтың екінші жартысы біз үшін біршама жеңіл өтті. Қарқын қосып, қарсыластарды қуып жете бастадық. Сол кезде-ақ күшіміз де, жағдайымыз да жақсы екенін, мәреге жоғары нәтижемен жетуге мүмкіндігіміз бар екенін түсіндік. Біз көздеген нәтижеге жетуге дайын болдық. Барлығы жоспарға сай өтті.
Сонымен қатар ешбір қарсыласты назардан тыс қалдырмадық. Спортта бәрі болуы мүмкін, сондықтан қарсыласты менсінбеуге болмайды. Біз тартыстың оңай болмайтынын білдік. Бәсеке жоғары болды. Ал біз өз жұмысымызды ғана атқардық. Осы жолда жасаған барлық жаттығуларымыз бен еңбегіміз өз нәтижесін берді.
Мен үшін бұл бесінші Азия ойындары. Бұған дейін төрт рет алтын медаль жеңіп алуға мүмкіндік болмады. 2014 жылы Инчхонда қола жүлдеге ие болғанмын. Кейін жекелей сында өнер көрсетіп, бірнеше рет жүлдеге бір табан жақын болдым. Сондықтан бесінші Азия ойындарымда алтын медаль жеңіп алғаныма өте қуаныштымын.
Қазір біздің командамызға кеңесші келді. Меніңше, дұрыс бағытта жұмыс істей бастадық. Нәтижесі де міне, көрініп тұр.
Бүгін менің тағы бір жарысым бар. Қазір ең бастысы - қалпыма келу, ал кешке қайтадан күресеміз.
Жарыс бағдарламасы бастапқыда төрт күнге жоспарланған еді. Алайда қазір барлығы екі күннің ішінде өтіп жатыр. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ барлық спортшы бірдей жағдайда болғандықтан, бәрі қалыпты", - деді Владислав Яковлев.
Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасында рульсіз қос ескекті қайықпен жарысудан А финалында жеңіске жетіп, қашықтықты 6 минут 25,13 секундта бағындырды. Қазақстандық жұп Қытай өкілдері Чуан Цао мен Мэншуай Яннан 2,09 секундқа озып кетті.
Тегтер #Қазақстан #Азиада 2026 #академиялық ескек есу #алтынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz