ХХ Азия ойындарының бейсенбілік жарыс күні артта қалды. Бүгін спорттың бірнеше түрі бойынша жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтерілді.
Қазіргі таңда қоржынымызда 8 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы төртінші орында келеді. Бейсенбілік жарыс күні де біраз жүлде алдық. Әсіресе ескек есушілер жарылқады. Алдымен екілік қайықта Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Азия ойындарының чемпионы атанса, байдаркада Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая күмістен алқа тақты. Ал ағайынды Сергей мен Тимофей Емельяновтар қоржынымызға қола жүлде салды. Абдулрашид Абдулаев финалда Иран спортшысына есе жіберіп, ушудан құрлықтық доданың күміс желдесін иеленді. Жарысты өте күшті қарқынмен бастаған семсерші Кирилл Проходов финалға қиналмай жетті. Тек алтын үшін айқаста жарыс иесі Коки Каноға 13:15 есебімен жол беріп, күмісті қанағат тұтты. Гимнасшылардан кеше жүлде күткен едік, командалық сайыста жолы болмаған жігіттер бүгін жекелей сында барын салды. Нәтижесінде Милад Карими еркін жаттығуда екінші орынды еншіледі. Бүгін осылайша, қоржынымызға 1 алтын, 4 күміс, 1 қола түсті.
Азиада-2026: боксшылар бәсі енді қызады
Бүгін бокс жанкүйерлері Төрехан Сабырханның жекпе-жегін тамашалады. Қазақ боксшысы алғашқы айналымда көп қиналған жоқ. Өйткені қарсыласы тіске жұмсақ еді. Катарлық Мохамед Двичи қанша тырысқанымен Төреханның қарқынына төтеп бере алған жоқ. Жалпы 70 келі салмақта құрлық додасына кіл мықтылар жиналған. Төрехан Сабырханның сыналатын шағы алда. Бүгін осы салмақта жүлделі орыннан дәмелі боксшылардың біразы жарыс жолынан шығып қалды. Үндістан үкілеген Сумит жарақат алып Ирак боксшысына есе жіберсе, Моңғолдардың мақтанышы Отгонбаатар қытай боксшысынан оңбай ұтылды. Бүгін қыздар арасында Алуа Балқыбекова үндістандық қарсыласын ұтып, ширек финалға жолдама алды.
Тегтер #Азиада 2026 #бокс #қола жүлде #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz