Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына бірнеше қола жүлде түсті.
Олардың бірін семсерлесушілер иеленсе, тағы үш қола медальды байдарка мен каноэде ескек есу спортшылары жеңіп алды. Қола медальға оқ атудан әйелдер құрамасы да қол жеткізді.
Семсерлесуден ерлер ұлттық құрамасы XX Азия ойындарының қола жүлдесін місе тұтты. Жартылай финалда спортшыларымыз жарыс қожайындары – Жапония құрамасымен кездесті. Өкінішке қарай, отандастарымыз 34:45 есебімен есе жіберді. Қазақстан сапында Нұрмұхаммед Жайлыбай, Артём Саркисян, Назарбай Саттархан және Қуаныш Ерғашбай өнер көрсетті.
Қазақстандық ескекшілер де медальдар қоржынын толықтырды. Спортшыларымыз бірден үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сергей Емельянов пен Руфина Искакова каноэде аралас экипаждар арасындағы 500 метр қашықтықта мәреге үшінші болып жетті.
Байдаркадан тағы бір қола медальды Дмитрий Холмогоров жеңді. 500 метр қашықтықтағы финалдық жарыста ол үздік үштікті түйіндеді. Қазақстандық спортшы Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан келген қарсыластарына жол берді.
Ал артынша Стелла Суханова Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль қосты. Қазақстандық спортшы 500 метр қашықтықта мәреге үшінші болып жетті. Алтын жүлдені Қытай спортшысы иеленді. Бұл сында Өзбекстан өкілі күміс жүлдегер атанды.
Оқ атудан әйелдер ұлттық құрамасы да құр қол кетпеді. Арина Малиновская, Елизавета Безрукова және Софья Шульженко Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында қола медаль тақты. Жалпы қазақстандық спортшылардың еншісінде 35 жүлде бар: сегіз алтын, сегіз күміс және 19 қола. Жарыстың жетінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарының медальдық есебінде бесінші орында тұр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әлібек Шәмшиденов
Тегтер #24KZ #спорт #семсерлесу #Қазақстан құрамасы #қола жүлдеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz