Жапон жерінде өтіп жатқан ХХ Азия ойындары бел ортасынан ауды.
Дүйсенбілік жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасы 9 алтын 13 күміс 23 қола медалмен жалпыкомандалық есепте бесінші орынға орналасты.
Жексенбілік жарыс күні жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның жеңісін сүйіншілеп, біраз желпініп қалғанымыз рас. Алайда артынша жағымсыз жаңалық жетті. Жарысты ұйымдастырушылар жерлесіміздің жеңісін есепке алмаған. Тағылған желеу Ясмина киген аяқ киім моделі World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде болмаған. Сонда жарыс алдында ұйымдастырушылар ай қарап, жұлдыз санаған ба? Қалайша жарыс жолына шығуға рұқсат берді деген заңды сауал туындайды. Бәрінен де спортшы қызымызға обал. Есіл еңбек-ай десеңші! 42 шақырымда қос қытай мен қос жапон және қос үнді қызымен жалғыз жарысып мәреге жеке-дара келген Тоқсанбаеваның топ жаруы кімнің тақиясына тар келді екен?! Ел спортының тізгінін ұстаған мамандар енді Ясмина біз үшін чемпион деп сыйақысын беріп, сыйқұрмет көрсететін шығар, алайда тарихта Тоқсанбаеваның емес, қытай қызының есімі қалатыны өкінішті. Енді тек спортшы қызымыздың сағы сынбаса екен дейміз.
БЕЛЬГИЯ
Ұлттар лигасы: Бельгия Франциямен ойнайды
Бүгін ұлттар лигасының екінші тур ойындары жалғасады. Бельгия өз алаңында Француздарды қабылдайды. Екі команда футболшыларының көңіл күйі көтеріңкі. Өйткені қоржындарында үш ұпайдан бар. Бірінші турда Бельгия сырт алаңда 2:0 есебімен Италияны жеңсе Франция 1:0 есебімен Түркиядан басым түскен болатын. Бүгін Зиданнның командасына қиын болғалы тұр. Қиыны сол, команданың сұрмергені Киллиан Мбаппе жарақатына байланысты алаңға шыға алмайды. Тіпті Италиямен болатын ойынды да жіберіп алуы мүмкін. Бірақ қатты алаңдап отырған Зидан жоқ. Өйткені үш жолақтылардың сапында Мбаппені жоқтатпайтын жігіттер жетіп артылады. Ал Бельгияның төрт көзі түгел. Марк Ван Боммел жаттықтыратын жігіттер бүгін Францияға тұсау саламыз деп отыр.
ПОЛЬША
Испан қыздары шың басына шықты
Қазір испан футболының абыройы асқақтап тұр. Жаз айында ғана Де ла Фуента жаттықтыратын ұлттық құрамасы мұхиттың арғы бетінде мундиаль жеңімпазы атанса, енді міне бұрымдылары да биіктен көрінді. Польша жерінде 20 жасқа дейінгі футболшы қыздардың дүниежүзілік жарысы мәреге жетті. Доп додасының финалында Испания мен Солтүстік Корея жолыққан болатын. Қарсыластар ойынның негізгі және қосымша уақытында бірін бірі ала алған жоқ. Матч соңындағы пенальтиден Испания құрамасының асығы алшысынан түсіп әлем чемпионы атанды.
Тегтер #Азиада 2026 #Азия ойындары #алтын медаль #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz