RU
Толық нұсқаға өту

Азиада-2026: алтынның ауылы алыстап барады

29.09.2026, 18:30 31

Азия ойындарының сейсенбілік жарыс күні аяқталды. Бүгін Қазақстан қоржыны кезекті жүлдемен толықты. Отандасымыз Кристина Овчинникова әйелдер арасында биіктікке секіруден екінші орын алып, күміс жүлде иеленді. Ал алтын саны аз болғандықтан жалпы командалық есепте алтыншы сатыға сырғыдық, деп хабарлайды 24KZ.

Азия ойындарының аяқталуына да аз ғана уақыт қалды. Алғашында қазақ спортшыларының қарқыны жақсы еді. Жерлестеріміздің жеңістерін жарыса жазып, жалпы командалық есепте тіпті үшінші орынға дейін көтерілген кездер болды. Рас, күн сайын қоржынымыз бос қалып жатқан жоқ. Спортшыларымыз кемі күміс пен қолаға қол жеткізіп жатыр. Алайда алтынның ауылы алыстап барады. Ал алтын алған алтындай қызымызға араша түсе алмадық. Ендігі үміт палуандар мен былғары қолғап шеберлерінде. Бүгін бокстан ауыр салмақтағы Айбек Оралбай ақтық сайысқа жолдама алды. Айбектің Азия ойындарындағы жолы ауыр болды. Алдымен қырғыздар үкілген Мырзақыр Кошалиевті тәжірибесі мен шеберлігінің арқасында жеңіске жетсе, бүгін үнді боксшысы Нарендермен жолықты. Ширек финалда тай боксшысын бір соққысымен-ақ талдыра салған еңгезердей Нарендердің түрінен адам шошиды негізі. Бірақ қазақ боксшылары қарсыластың атақ дәрежесінен немесе түр-тұлғасынан қаймыққан кезін көрген емеспіз. Талай алыптарды тәубесіне келтірген Айбек намысқа тырысып Нарендердің де тас-талқанын шығарды. Енді жерлесіміз финалда өзбек Жахонгир Зокировпен алтын үшін айқасады. Бүгін сондай-ақ қоржынымызға Арайлым Шегенова қола жүлде салды. Кураштан 87 келі салмақта сынға түскен қандасымыз жартылай финалда Оңтүстік Кореялық қарсыласына жол беріп қойды. Ал стенд атудан Қазақстан ерлер құрамасы трап сайысында Кувейт пен Катардан кейін үшінші орыннан көрінді.

Испанияның айдарынан жел есіп тұр

Бүгін Еуропа алаңдарында Ұлттар лигасының ойындары жалғасады. Санаулы сағаттардан кейін Қазақстан құрамасы сырт алаңда Словакиямен кездессе, тартысты ойындардың бірі Севильяда өтеді. Әлем чемпиондары Хорватияны қабылдайды. Рас, қазір Испанияның тасы өрге домалап тұр. Луис де ла Фуэнта командасы қатарынан 39 ойында жеңілмей келеді. Ел футболының тізгінін ұстаған мамандар бас бапкермен 6 жылдық жаңа келісімшартқа отырды. Енді Луис де ла Фуэнта 2032-ші жылғы Еуропа біріншілігі аяқталғанша осы елдің футболшыларын жаттықтырады. Тұрақтылық болған дұрыс, әрине. Ал бүгінгі ойында да жұрт Испанияның жеңісіне бәс тігіп отыр. Өйткені 41 жастағы Лука Модричке әлі күні қарап тұрған Хорватияның сенсация жасайтынына сенбейді. Дегенмен Славен Билич: «Әлем чемпиондарын тоқтату қолымыздан келеді», - депті. Ендеше бар мәселе жасыл алаңда шешіледі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz