ХХ Азия ойындарының кезекті жарыс күні артта қалды. Бүгінде қоржынымызға түскен жүлде саны көп. Алайда сапасы жағынан басты қарсыластарымыздан қалып қойдық. Осылайша, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 9-шы сатыға сырғыды, деп хабарлайды 24KZ.
Азия ойындарының сәрсенбілік жарыс күні былғары қолғап шеберлері мен палуандардың жолын тостық. Қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі болғандықтан, жерлестеріміздің жүлде бөлісіне араласатынына сенімді едік. Алдымен боксшылардан бастасақ.
Бүгін шаршы алаңға шыққан қыз-жігіттеріміздің арасынан таза ұтылғаны Алуа Балқыбекова ғана. Ал Наталья Богданова мен Махмұд Сабырхандардың жеңілісіне күмәніміз бар. Тіпті біздің елді мамандары World Boxing ұйымына шағым түсіріпті.
Десе де төреші шешімі өзгермесі түсінікті. Осылайша, Наталья мен Алуа және Махмұдтар қоржынымызға қола жүлде салды. Ал Төрехан Сабырхан қазылардың бұра тартуына ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ.
Жерлесіміз өзбек Шавхатжан Болтаевты әбден сабады. Енді 70 келі салмақтың финалында Төрехан Сабырхан йорданиялық Зияд Ишаиштан Азия чемпионатында кеткен есесін қайтаруға тырысады. Дзюдошы Елдос Сметов те жарысты өте жақсы бастады.
Оңтүстік Корея мен Моңғолия мықтысын таза жеңген жерлесіміз жартылай финалда Тайпейлік қарсыласын да тақырға отырғызып кетті. Финалда жарыс иесі Хаято Кондомен күш сынасты. Дзюдоның отанында, татами иесімен біразға дейін тайталасқан Елдос жапон жігітіне ұпай санымен жол беріп, күмісті қанағат тұтты.
12 жыл бұрын Азия ойындарының алтынын алған Елдосқа елдің өкпесі жоқ. Біраз уақыттан бері үлкен жарысқа қатыспаған Сметов байрақты бәсекеге бабында барыпты. Бұл жолы бірақ бағы жанбады.
Қыздар арасында дәл осы биіктен көрінген Әбиба Әбужақынова жарап тұр. Финалға дейін қарсылас шақ келтірмеген қазақ қызы алтын үшін айқаста Жапон қызына есе жіберді. Ал грек-рим күресінен бүгіндікке бір ғана палуанымыз жүлдеге ілінді.
Ол грек-рим шебері Мейіржан Шермағанбет. Жерлесіміз 67 келіде моңғол палуанын ұтып қола жүлдегер атанды. Бұдан өзге слаломды есуде Анастасия Ананьева мен Александр Коробов Қазақстан қоржынына қос қола салды.
Тегтер #Азиада 2026 #Қазақстан құрамасы #командалық есеп #спорт #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz