2 қазан күні Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында бокстан финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан құрамасынан бұл сынға екі боксшы -Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай қатысып, ел намысын қорғайды, деп хабарлайды «24KZ».
Айта кетейік, биылғы Азия ойындарында қазақстандық ерлер арасынан тек осы екі былғары қолғап шебері финалға жолдама алды.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Төрехан Сабырхан алтын медаль үшін Иордания өкілі Зейяд Ишаишпен жұдырықтасады. Жекпе-жек Қазақстан уақытымен сағат 10:00-де басталады. Еске сала кетейік, Төрехан жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевты басым түсіп, ақтық сынға жолдама алған болатын.
Қазақстанның екінші финалисі - аса ауыр салмақтағы (+90 келі) Айбек Оралбай. Ол алтын жүлде үшін өзбекстандық боксшы Жахонгир Зокировпен қолғап түйістіреді. Бұл тартысты кездесу Қазақстан уақытымен сағат 14:30-ға жоспарланған.
Айбек пен Жахонгир бір-бірін жақсы таниды және бұған дейін бірнеше ірі халықаралық жарыста кездескен. Атап айтқанда, 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында отандасымыз өзбек қарсыласын тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанған еді.
Тегтер #Айбек Оралбай #Төрехан Сабырхан #Азия ойындары #бокс #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz