ХХ Азия ойындарының кезекті жарыс күні бокстан 70 келі салмақта сынға түскен Төрехан Сабырхан Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды.
Жерлесіміз шаршы алаңның нағыз шебері екенін тағы бір мәрте паш етті. Айта кетейік осы Азия ойындарында қазақ боксшысы қарсыластарының барлығын атойлап жүріп ұтты. Бүгін финалда Иордания үкілеген Зейад Ишаишке де бас көтерткен жоқ. Естеріңізде болса, осы жылдың сәуір айында Моңғолияда өткен Азия чемпионатының финалында Иорданиялық былғары қолғап шебері басым түскен еді. Бүгін Төрехан Сабырхан сөзінде тұрып есесін қайтарды. Осылайша, 19 жасында дүниежүзілік жарыста топ жарып әлемді мойындатқан Төрехан, 20 жасында Азия ойындарының шыңына шығып отыр. Бокстан Қазақстан құрамасы соңғы екі бірдей Азия ойындарынан алтынсыз қайтқан. Енді міне, араға 12 жыл салып осы олқылықтың орны толды.
Қазір санаулы уақыттардан кейін Айбек Оралбай Төреханның жеңісті жолын жалғастырады деген үміттеміз.
Тегтер #Төрехан Сабырхан #Иордания #боксшы #Азиада 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz