Қазақстан құрамасы Жапонияның Аичи-Нагоя қалаcында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының кезекті жарыс күні 7 медаль еншіледі.
Бүгін ел қоржынына түскен жүлде саны 84-ке жетті. Бұл нәтиже Қазақстанға үздік ондықтағы орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бүгін Қазақстан қоржынына жеті медаль түсті. Оның үшеуі – күміс, төртеуі – қола. Алғашқы жүлдені джитсерлер салды. Ұлттық құрама мүшесі Мерей Қабдуллаев финалға жолдама алғанымен, Сауд Арабиядан келген балуанға жол берді.
Ал Марина Журавлева қола медальға қол жеткізді. 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған бұрымды спортшымыз иорданиялық Майя Ишакаттан басым түсіп, Қазақстанның қоржынына кезекті медальді салды.
Екінші күміс медаль да шығыс жекпе-жегінен бұйыртды. Дзюдодан ұлттық құрама аралас командалық бәсекенің финалына дейін жетіп, Жапония құрамасымен кездесті. Нәтижесінде татами иелеріне 4:0 есебімен есе жіберген отандастарымыз күміс жүлдені қанағат тұтты.
Балуандарымыз да қарап қалған жоқ. Олар бүгін ел қоржынына екі қола медаль салды. Алдымен 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Нұрқожа Қайпанов Үндістан өкілін 5:0 есебімен қапы қалдырды. Ал оның жолын 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нилуфар Раимова жалғады. Қола жүлде үшін өткен белдесуде бұрымды балуанымыз Шри-Ланка өкілін айқын басымдықпен жеңді.
Қазақстан үшінші күміс медальді су добы жарысынан алды. Ерлер құрамасы Аичи-Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарының финалына шығып, жарыс қожайындарына 7:24 есебімен жол берді.
Көркем гимнастикадан да ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетті. Олар топтық көпсайыстың финалында 51,550 ұпай жинап, қола медаль жеңіп алды. Қытай құрамасы жеңімпаз атанса, Жапония қыздары күміс жүлдеге ие болды.
Тегтер #қоржын #Қазақстан құрамасы #Азиада 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz