RU
Толық нұсқаға өту

Астанада өткен «USTAZ RUN» марафонына 1200 адам қатысты

04.10.2026, 15:05 47

Астананың Триатлон паркінде Ұстаздар күніне орай «USTAZ RUN» бұқаралық спорттық марафон өтті. Оған мыңнан астам мұғалім қатысты, деп хабарлайды «24KZ».

Демалыс күні таң ұйқысын қиып, жарыс жолына шыққан бұл әуесқой спортшылардың дені – ұстаздар мен студенттер. «USTAZ RUN» марафонына жалпы 1200-ден астам адам қатысты. Мәселен, бастауыш сынып мұғалімі Мөлдір Русланқызы 3 шақырым қашықтықты небәрі 12 минут 50 секундта жүгіріп өтіп, мәреге екінші болып жетті.

Мөлдір Русланқызы, бастауыш сынып мұғалімі:

- Аптасына 5 күн жүгіремін. Соның арқасында денемді шынықтырып, бос уақытымды тиімді ұйымдастыруға жағдай жасап жатырмын. Сонымен қатар оқушыларды салауатты өмір салтын сақтауға үнемі дағдыландырамын. Алматы қаласында және Қазақстан бойынша барлық қалаларда өтетін жүгірістерге қатысып келемін. Қазақстанның бүкіл көркем жерлерін көрдім десем болады.

Марафонға қатысушылар өз қалауы бойынша үш, бес және он шақырым қашықтыққа жүгірді. Жарысты ұйымдастыруға 50-ден астам студент-волонтер жұмылдырылды.

Райымбек Ұлықбек, жарысқа қатысушы:

- Өз-өзімді тексеру үшін келдім. Мұндай марафонға мұның алдында екі рет қатысқанмын. Өзіме қатты ұнайды.

Жазира Еламан, бастауыш сынып мұғалімі:

- Мен спортқа қатты жақынмын деп айта алмаймын. Бірақ жүгіріске қатысып жүргеніме 1 жылдай уақыт болды. Бос уақытымда жүгірумен айналысамын. Көбіне таңғы уақытымды дұрыс жоспарлауға, күнімді ұтымды өткізуге көмектеседі. Сол жоспар бойынша күнімді жақсы өткіземін. Өзімді сергек сезінемін.

Мәреге бірінші болып келгендер ғана емес, жарыс жолына шыққан барлық қатысушы естелік медальдармен марапатталды. 

Бауыржан Мырзахметов, А. Байтұрсынұлы атындағы Binom School мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Алдағы уақытта қараша айында ұстаздар арасында белгілі бір алаңда кітап оқу әдетін қалыптастыру бағытында ұйымдастырамыз. Ал желтоқсан айында ұстаздардың арасында интеллектуалдық куиз ұйымдастырамыз. Осылай әрі қарай жалғастыра береміз.

Марафонның негізгі мақсаты – қоғамда ұстаз мәртебесін көтеру, педагогтер мен ата-аналар арасындағы байланысты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Мәреге жеткендер осылай бимен мерекелік көңіл-күйге бөленіп жатыр. Бұл марафонға қатысқан әр қатысушы – жеңімпаз. Сондықтан мұндай спорттық додалар ұстаздар қауымына не тәйірі?!

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Қазанбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz