Жапонияда XX Жазғы Азия ойындары аяқталды.
Қазақстан ұлттық құрамасы 12 алтын, 24 күміс және 48 қола олжалап, 46 елдің ішінде 8-орыннан көрінді. Бұған дейінгі Азия орындарындағы нәтижеге қарағанда бұл жолы көрсеткіштер жақсарған.
Жазғы Азия ойындарында бірқатар олимпиадалық спорт түрінен ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижелер тіркелді. Боксшылар 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарында екі алтын еншіледі. Құрама капитаны Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан шаршы алаңда атой салып, жанкүйерлерді қуанышқа бөледі.
Айбек Оралбай, Азия ойындарының жеңімпазы:
- Барша қазақ халқына қолдауларына алғысымды білдіремін. Бәрі жақсы ойдағыдай өтті. Ағайлардың тактикасымен жеңіске, тактика жағынан жақсы дайындалып жеттім деген ойдамын.
Төрехан Сабырхан, Азия ойындарының жеңімпазы:
- Азия ойындары төрт жылда бір келеді. Алтын болмаған еді. Сол алтынды алғашқы болып алғаныма қуаныштымын. Әлем чемпионатынан кейінгі армандаған жарысымыз осы еді. Осы жерде тура Ливерпульдағыдай екі алтын алсам деп едік.
Сапымен семсерлесуден ерлер ерледі. Азиада тарихындағы алғашқы алтын медаль қоржынға түсті. Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын олжалады.
Қоржында жалпы 12 алтын, 24 күміс, 48 қола медаль бар. Қазақстан 46 елдің ішінде 8-орында. Иә, спортшыларымыз бұған дейінгі Азия ойындарында алған алтын медальдар санын арттырды. Салыстырып қарасақ, Ханчжоуда ұлттық құрама ондыққа іліге алмай, 11-орыннан көрінген еді. Биыл үш саты жоғары көрсеткішке қол жетті.
Ел тарихында тұңғыш рет таеквондодан алтын бұйырды. Темірлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Велошабандоз Алексей Луценко Азиада тарихында 6 бірдей алтын медаль алған спортшы атанды. Рината Сұлтанова отандық әйелдер велоспорты тарихында тұңғыш рет Азия ойындарының алтынын еншіледі. Каратэші Жоламан Биғабыл, Софья Берульцева қос алтынды қоржынға салды.
Азамат Имашев, Қазақстан спортшылар кеңесінің төрағасы:
- Велоспортта бізде даму жақсы жүріп жатыр. Өздеріңіз көргенде, реформаның нәтижелері өзінің жемісін беріп жатыр. Барлық өңірлердегі олимпиадалық спорт түрлері тырысып, азиялық ойын түрлеріне кіретін спорт түрлері жақсы дамып, болашақ жас спортшыларымыз ұлттық команданың лидерлеріне қарап мотивация алып осылай өседі деп ойлаймыз.
Аралас жекпе-жек биыл Азия ойындарының бағдарламасына алғаш енген еді. Бұнда да Қазақстан спортшылары үздіктер қатарынан көрінді. Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола медаль иеленді. Дзюдошылар алғаш рет жекелей сында төрт мәрте финалға шықты. Қазақстан спорттық гимнастика, еркін күрес, әйелдер күресі бойынша да лайықты бәсекелесе алатынын дәлелдеді.
Марат Айдашев, ҚР Туризм және спорт министрлігі спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары:
- 2028 жылы Олимпиада ойындары өтеді, оған біз қазір белсенді дайындалып жатырмыз. Бұл Азия ойындары соған дайындық кезеңінің бастамасы болды. Спорттың кейбір түрлерінде жігіттер мен қыздар өздері күткен нәтижелерінен де асып түсті. Спортшыларымыз елге оралғаннан кейін жетістіктер мен жеңілістердің себептерін талдаймыз. Тиісті қорытындылар жасап, әрі қарай жұмысты жалғастырамыз.
Аичи мен Нагояда жеңіс тұғырына шығып, әнұранды шырқатқан спортшыларымызды ақшалай сыйақы күтеді. Министрлік бұйрығына сәйкес, алтын медаль үшін 10 мың АҚШ доллары, күміс жүлде иегерлеріне 5 мың доллар, қола медаль алғандарға 3 мың доллар қарастырылған.
Рухани Әбдірахман
Тегтер #Қазақстан #Азиада 2026 #қорытынды #нәтиже #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz