RU
Толық нұсқаға өту

Азиада-2026: Қазақстан құрамасы 84 медальмен сегізінші орынға тұрақтады

05.10.2026, 07:32 61

Азия ойындары аяқталды. Ел намысын абыроймен қорғаған сайыпқырандарымыз Жапониядан елге оралып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.


Сөйтіп, Қазақстан құрамасы 84 медаль олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. Бұл жолғы бәсекенің ерекшелігі – спортшыларымыз бірқатар олимпиадалық спорт түрінен ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді. 

Елге жеңіспен оралған спортшыларымызды жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Азия ойындарында Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, жүлделі орындардан көрініп, ел мерейін үстем еткен спортшылардың қатарында боксшылар, дзюдошылар мен ескек есушілер бар. Жеңіс жолындағы әрбір медаль – спортшыларымыздың маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Ал бүгінгі ыстық ықылас – елдің өз чемпиондарына деген құрметінің белгісі. 

Биылғы басты жетістік ретінде боксшыларымыздың 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алғанын айтуға болады. Бұған дейін ұлттық құрама Азиада алтынын соңғы рет 2014 жылы олжалаған болатын. Жапонияда 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан және 90 келіден жоғары салмақта ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай чемпион атанды. Боксшылардың бабына АҚШ-та, Жапонияда өткен дайындық жаттығулары игі әсер еткен.

Төрехан Сабырхан, Азия ойындарының чемпионы:

– Жарыста төрт жекпе-жек өткіздім. Керемет жекпе-жектер болды. Қарсыластарымның барлығы да керемет дайындалып келген. Білесіздер, Азия чемпионатында Иорданиялық боксшыға есе жіберген болатынмын. Сол есені Азия ойындарында қайтарғым келді. Мен осы жетістігімді қазақ еліне арнаймын.

Айбек Оралбай, Азия ойындарының чемпионы:

– Чемпион болып келгенімізге өте қатты қуаныштымыз. Бұйырса, бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдымызда әлем чемпионаты бар. Ең басты мақсатымыз – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары. Баршаңызды осылай алтын медальмен қуантқым келеді.

Биылғы Азия ойындарында дзюдошыларға алтын бұйырмады. Қазақстан құрамасы алғаш рет жекелей сында төрт финалға шықты. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат финалда жапониялық қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ ұлттық құрама аралас командалық сында да күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан қатысқан бес финалдың барлығында Жапония балуандарымен белдесті.

Елдос Сметов, Азия ойындарының күміс жүлдегері:

– Бұл өте үлкен, жауапкершілігі зор жарыс болды. Себебі Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын алып шығу мәртебесі маған бұйырғаннан кейін, жауапкершілік өте жоғары болды. Сондықтан бар күшімді салдым. Әнұранды шырқатқым келді. Алайда әнұран шырқалмаса да, Көк Туды желбіретіп қайттық.

Ажар Асхат, Азия ойындарының күміс жүлдегері:

– Бұл - менің әйелдер арасындағы тұңғыш медалім. Сондықтан мен үшін өте ыстық, мен үшін өте қымбат медаль. Енді алтын алғым келген еді. Әнұранды шырқатқым келді, бірақ болмай қалды, бұйырмады. Күміс медаль алып қалдық.

2027 жылы елімізде дзюдодан әлем біріншілігі өтеді. Спортшыларымыз Азия ойындарында жіберген есені қайтаруға барымызды саламыз деп отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz