RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттар лигасы: Қазақстан Фарер аралдарымен кездеседі

06.10.2026, 07:53 49

Футболдан Қазақстан құрамасы ұлттар лигасы аясында Фарер аралдарымен кездеседі. 

Кеше жігіттер ойын алдындағы ашық оқу-жаттығу жиынын өткізіп, дайындықтарын аяқтады. Қос құрама осыған дейін 6 рет кездескен. Оның біреуі Қазақстанның пайдасына аяқталса, 3 мәрте Фарер аралдары жеңіске жетіп, 1 тең ойын тіркелген. Айта кетейік, футболшыларымыз ұлттар лигасының жаңа маусымын сәтсіз бастады. С дивизионының 3-тобында 3 турдан кейін тек 1 ұпай жинап, соңғы орынға түсіп қалды. Алдымен Фарер аралдарымен сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнаса, Словакия мен Молдоваға 2:1 есебімен ұтылып қалды. Ендігі ойын бүгін 19:00-де Астана Арена стадионында өтеді.

Эйдун Клакстейн, Фарер аралдары құрамасының бас бапкері:

- Біз осы топтағы соңғы төртінші ойынымызды өткіземіз. Барлығы көп еңбектенді, бұл әрқайсысымыз үшін ауыр кезең болды. Қазақстан да, Фарер аралдары да алдыңғы үш матчта жеңіске жете алмады. Сондықтан қос команда да бұл кезеңді жеңіспен аяқтауға ұмтылады. Қазақстанның мықты құрама екенін білеміз. Оның үстіне олар өз алаңында ойнайды. Қиын матч күтіп тұр, бірақ өзімізге сенеміз. 

Нұрқанат Серікбаев пен Ақылжан Жұбатқанов жарысты аяқтады

Дзюдодан әлем чемпионатының екінші күні балуандарымыз үшін сәтсіз аяқталды. 66 келіде 2 отандасымыз белдесті. Алдымен Нұрқанат Серікбаев екінші айналымда жапон балуаны Такеши Такеокаға жол берсе, Ақылжан Жұбатқанов тәжікстандық Нурали Эмомалиден ұтылып қалды. Осылайша, қос дзюдошы әлем чемпионатындағы жарыс жолын аяқтады. Енді бүгін татамиге 73 келіге дейінгі салмақта Аңсарбек Ғайнуллин шығады. Әлем біріншілігі 10 қазанға дейін жалғасады. Оған 93 елден 600-ден астам спортшы қатысып жатыр. Әзірге Қазақстан құрамасы Шерзод Давлатов еншілеген күмістің арқасында жалпы есепте 5-орында тұр. 

Тимофей Скатов «Мастерс» турнирін сәтті бастады 

Тимофей Скатов Шанхайдағы Мастерс турнирін сәтті бастады. Қазақстандық теннисші іріктеудің жартылай финалында әлемнің 135-ракеткасы грекиялық спортшымен кездесіп, жеңіске жетті. Қорытынды есеп 2:0. Алғашқы сетте 6:3, екінші сетте 6:2 есебі тіркелді. Енді жерлесіміз іріктеудің ақтық кезеңінде әлемдік рейтингте 185-орында тұрған австралиялық Бернард Томичпен кездеседі. Оны ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады. Турнирдегі тағы бір қазақстандық теннисші Александр Шевченко жапон спортшысына есе жіберіп, жарысты аяқтады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz