Футболдан ересектеріміз Фарер аралдарына, жастарымыз Молдоваға есе жіберді. Сәйкесінше, әлемдік рейтингте жағдайымыз өзгерді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан Фарер аралдарымен тең түсті
Футболдан УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы кезекті мачт өтті. Бұл жолы Джон вант Шкип жаттықтыратын қазақ жігіттері өз алаңында Фарер аралдары футболшыларын қабылдады. Матч аса тартысты басталды және қонақтар бірінші болып есеп ашты. 22 минутта Кнудсен мергендігімен көзге түсіп, бірінші тайм соңына дейін осы есеп өзгермеді. Ал 63-ші минутта қонақтар сапындағы таблодағы нәтижені еселеді. Артынша Фарер аралдарының ойыншысы Агнарссон екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осыдан кейін Қазақстан құрамасы сан басымдығын пайдаланып, 68-ші минутта Сергей Малый, ал 76-шы минутта Нұрәлі Әліп гол соғып, таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп 2:2. Бұл нәтиже көңілді көншітпейді. Өйткені Қазақстан құрамасы ұлттар лигасы аясындағы 4 матчтың бірде-бірін жеңе алмады. Тек екі ойында тең түсті. Соның салдарынан қазір «С» тобында ең соңғы сатыда тұр. Бұған қоса, Қазақстан құрамасының әлемдік рейтингтегі жағдайы да нашарлап, бүгін 117-ші орынға төмендеді.
Дзюдодан әлем чемпионаты
Үш дзюдошымыз татамиге шығады. Әзербайжан астанасы Баку қаласында жапон жекпе-жегінен жылдың басты жарысы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Бүгін – жарыстың төртінші күні. Қазақстан құрамасынан Жалғас Қайролла, Абылайхан Жұбаназар және Эсмигуль Куюловалар бақ сынайды. 81 келідегі Жалғас Қайролла алғашқы айналымда түрік спортшысымен жолығады. Ал осы салмақтағы Абылайхан Жұбаназар жарысты екінші айналымнан бастайды. Австралия не Нигерия өкілдерінің біреуімен кездеседі. 63 келідегі Эсмигуль Куюлова ә дегеннен словениялық Кая Кайзермен белдеседі. Іріктеу кезеңдері біздің уақытпен 11:30-да, финалдық кезеңдер 19:00-де басталады. Әзірге қоржынымызда бір күміс бар. Оны 60 келідегі Шерзад Давлатов жеңіп алды. Әлем чемпионатының өзі 11 қазанға дейін жалғасады.
Елена Рыбакина келер жылға дейін үзіліс алды
Елена Рыбакина Қытайдағы жарыстан бас тартып, келер жылға дейін үзіліс алды. Әлемнің бірінші ракеткасы Ухань қаласында өтетін WTA 1000 сериясындағы турнирге қатысудан бас тартты. Турнир ұйымдастырушылары таратқан мәліметке сәйкес Рыбакина аяғынан алған жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмайды. Мұнан кейін теннисшінің өзі де жанкүйерлеріне үндеу жасап, кешірім сұрады. «Маған қалыпқа келуіме және демалуыма біршама уақыт керек. Түсініп, маған үнемі қолдау білдірген әрбіріңізге рахметімді айтамын. Келесі жылы кездескенше», – деп мәлімдеді Рыбакина. Уханьдағы турнир 12 қазанда басталып, 18-не аяқталады.
Тегтер #24KZ #спорт #футбол #дзюдо #Елена РыбакинаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz