Роналдудың басты бәсекелесі Месси десек, Аргентина жұрты алтын ұлдарын кеше зор қошаметпен шығарып салып жатыр.
Ал Роналдуға әзірше ондай бақ бұйырмай тұр. Дегенмен, Криштиану да барлық құрметке әбден лайық футболшы. Бірнеше жылдан бері Португалияның ыстығына күйіп, суығына тоңып келген Роналдудың қазір бас бапкерге деген өкпесі қара қазандай. Жорзе Жезуш бар кезде ұлттық құрамаға қайтып оралуым екіталай депті. Криштің сөзіне сенсек, Ұлттар лигасының аясында Норвегиямен болған кездесуде бас бапкер Роналдуды жарты сағатқа алаңға шығаруға уәде берген екен, бірақ сөзінде тұрмапты. Соған ренжіген Роналду жүктерін жинап қайтып кеткен. Енді не боларын уақыт көрсетер, бірақ басшылықтың басы қатып отыр, дейді білетіндер. Роналдусыз да Португалия ұпайдан шашау шығарған жоқ. Енді жасы үлкен Жезуш бапкерді ешкім жазғыра алмайды. Сондықтан біреулер араағайындық танытып, бас бапкер мен футболшы ымыраға келмесе, Роналдудың ұлттық құрамаға қайта оралуы неғайбыл.
Джокович жетінші рет жеңімпаз атанды
Әлемде талантты теннисшілер жетіп артылады. Бірақ қамал алар жастағы Новак Джоковичтің жетістігіне қайран қаласың. Ұтпаған жарысы жоқ. Үлкен теннистегі айтулы жарыстардың бәрінде топ жарған. Алайда ешқашан тоқмейілсіген емес. Әрбір кездесуде жеңіске жету жолында жанын салып, ерінбей еңбектенеді. Қызыға да қызғана қарайсың. Сол Джокович кеше тағы жүлде алды. Бұл жолы Бейжіңде өткен Қытай ашық біріншілігінде бағы жанды. Қарсыласы австралиялық Алекс де Минор екінші сеттің басында жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартып, Новак Джокович турнир жеңімпазы атанды. Осылайша сербиялық теннисші Бейжіңде жетінші рет жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. Жалпы спорттық мансабында АТР аясындағы 102-титулын алды.
Алькарастың асығы алшысынан түсті
Қытайда қырыққа қадам басқан теннисші олжалы болса, Жапония ашық біріншілігінде жас теннисшілердің жолы болды. Анығын айтсақ, Токиода Алькарас топ жарды. Көптен бері жеңіс тұғырынан көрінбеген Карло Алькарастың бұл биылдыққа үшінші жеңісі. Бұған дейін Австралия ашық біріншілігінде мен Катарда жүлде алған испан тенннисшісі жарақат алып біраз уақыт жарыстарға қатыса алмаған. Бабына енді келген секілді. Токио турнирінің финалында 23 жастағы Алькарас чехиялық Иржи Легечкадан айласын асырды. Есеп 7:6 6:4. Үлкен дулыға жарыстарының жеті дүркін жеңімпазы Карлос Алькарастың ендігі мақсаты әлемдік рейтингінің тізгінін қайтадан қолға алу. Әзірше испан теннисшісі Янник Синнер мен Александр Зверевтен кейін үшінші орында келеді.
Тегтер #Роналду #ұлттық құрама #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz