RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Рыбакина, Сметов, Айтмұхан: Қазақстанның жазғы спорттағы тарихи жеңістері

08.10.2026, 12:34 47

Қазақстан спортшылары 2019–2026 жылдары жазғы спорт түрлерінен бірқатар тарихи нәтижеге қол жеткізді. Осы кезеңде қазақстандық спортышлар халықаралық жарыстарда ел тарихындағы алғашқы чемпиондық атақтар мен жүлделерді жеңіп, жаңа белестерді бағындырды, деп хабарлайды «24KZ».

Соңғы жеті жылда Қазақстан спортшылары бокс, садақ ату, жүзу, футзал, теннис, күрес, дзюдо, семсерлесу, гимнастика және басқа да спорт түрлерінен жоғары нәтижелер көрсетті.

2019 жылы Қазақстан боксшылары Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында алты медаль жеңіп алып, командалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Сол жылы садақ атудан ерлер құрамасы әлем чемпионатында алтыншы орын алып, Қазақстан тарихында алғаш рет командалық олимпиадалық жолдамаға ие болды. Ал жүзушілер Кванджуда өткен әлем чемпионатында үш ұлттық рекорд жаңартып, Олимпиада лицензиясын жеңіп алды.

2021 жылы Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасы әлем чемпионатында алғаш рет жартылай финалға шықты. Сол жылы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанып, шахматтан Қазақстанға алғашқы әлем чемпиондығын әкелді.

2022 жылы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде жеңіске жетіп, Қазақстан тарихындағы «Үлкен дулыға» турнирлерінің алғашқы чемпионы атанды.

2023 жылы Ризабек Айтмұхан еркін күрестен ерлер арасында әлем чемпионы атанған Қазақстанның алғашқы спортшысы болды. Сол жылы Руслан Құрбанов семсерлесуден әлем чемпионатында қола жүлде алып, Қазақстанға осы спорт түрінен әлем чемпионаттарындағы алғашқы медальді сыйлады.

2024 жылы Елдос Сметов Париж Олимпиадасында дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

2025 жылы да қазақстандық спортшылар тарихи жетістіктерін жалғастырды. Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен әлем чемпионы атанып, Қазақстанға бұл спорт түрінен 26 жылдан кейін әлем чемпионатының алтынын қайтарды. Ал Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде жеңіске жетіп, Қазақстан тарихындағы осы жарыстың алғашқы чемпионы атанды.

Сол жылы Қазақстан құрамалары семсерлесу, дзюдо, садақ ату, таеквондо және көркем гимнастикадан да жүлделі нәтижелер көрсетті.

2026 жылы Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы әлем чемпионатында командалық жарыста алғаш рет жеңіске жетті. Ирина Бакалдина семсерлесуден Азия чемпионы атанып, ел тарихында жекелей сында осы атақты жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы болды.

Академиялық ескек есуден Артем Матусевич әлем чемпионатында Қазақстанға осы спорт түрінен алғашқы медальді әкелді. Ал үстел теннисінен ерлер ұлттық құрамасы командалық әлем чемпионатында алғаш рет 1/8 финалға шықты.

2026 жылғы қыркүйекте Елена Рыбакина US Open турнирін жеңіп, WTA рейтингінде алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Осылайша, ол Қазақстан тарихында жекелей сында әлемдік рейтинг көшін бастаған тұңғыш спортшы болды.

2019–2026 жылдар аралығындағы нәтижелер Қазақстан спортының әлемдік аренадағы жетістіктері жыл санап артып келе жатқанын көрсетті. Ел спортшылары ірі халықаралық жарыстарда жаңа рекордтар орнатып, тарихи чемпиондық атақтарға қол жеткізді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz