RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Кедергіні жеңген чемпиондар: Қазақстан параспортындағы тарихи жетістіктер

08.10.2026, 14:38 49

Қазақстандық параспортшылар соңғы жылдары Паралимпиада ойындары, Азия Пара ойындары және әлем чемпионаттарында бірқатар тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды «24KZ».

 2021 жылы Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бес медальді қанжығалады. Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен чемпион атанса, Ануар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатина пара дзюдодан күміс жүлдеге ие болды. Нурдаулет Жұмағали пара жүзуден қола медаль алды.

2022 жылы Александр Герлиц Пекин Паралимпиадасында пара биатлоннан қола жүлде иеленді.

2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 41 медаль жеңіп алды. Оның ішінде сегізі – алтын, 12-сі – күміс, 21-і – қола. Қазақстандық спортшылар жеті рекорд жаңартты. Сол жылы Ербол Хамитов пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанды.

2024 жылғы Париж Паралимпиадасы Қазақстан үшін тарихи болды. Ұлттық құрама тоғыз медаль – екі алтын, үш күміс және төрт қола жүлде жеңіп, елдің жазғы Паралимпиададағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен екінші рет чемпион атанса, Ақмарал Науатбек пара дзюдодан алтын медаль иеленді.

Сол Паралимпиадада Еркін Ғаббасов пара оқ атудан күміс жүлде алып, Қазақстан тарихында осы спорт түрінен тұңғыш паралимпиада медалін жеңіп алды.

2024/2025 жылғы маусымда Ербол Хамитов пара биатлоннан әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, Қазақстан тарихындағы осы спорт түрінен алғашқы «Хрусталь глобусты» иеленді. 2025 жылы ол әлем чемпионатында да алтын медаль жеңіп алды.

Сол жылы Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен әлем чемпионатында үшінші рет чемпион атанды. Ал Астанада өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары командалық есепте чемпион болды.

2025 жылы Қазақстанның отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы Азия чемпионы атанып, ел тарихында алғаш рет құрлықтың басты додасында жеңіске жетті.

2026 жылы Ербол Хамитов Милан–Кортина Паралимпиадасында пара биатлоннан алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан тарихындағы осы спорт түрінен Паралимпиада ойындарындағы алғашқы алтын жүлде. Сондай-ақ спортшы пара шаңғы жарысынан қола медаль иеленді.

2026 жылы отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында тұңғыш рет қола жүлдеге қол жеткізді. Бұған қоса, қазақстандық пара дзюдошылар әлем чемпионатында тоғыз медаль жеңіп, командалық есепте үшінші орынға тұрақтады.

Осылайша, қазақстандық параспортшылар халықаралық аренада ел тарихындағы алғашқы чемпиондық атақтар мен жүлделерді жеңіп, Паралимпиада, әлем чемпионаттары және құрлықтық жарыстарда жаңа белестерді бағындырды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz