Ауыр атлетикадан қазанның 27-сі мен қарашаның 8-і аралығында Қытайдың Нинбо қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын спортшылар белгілі болды. Петр Хребтов пен Едіге Емберді, Алексей Чуркин мен Нұрғиса Әділетұлы және Артем Антроповтар ел намысын қорғайды. Қыздар арасында Аянат Жұмағали мен Любовь Ковальчук сынға түседі, деп хабарлайды 24KZ.
Қазан айының 17-сі мен 25-і аралығында Голландияның Роттердам қаласында спорттық гимнастикадан әлем біріншілігі өтеді. Осымен 54-ші рет жалауы желбірейтін дүниежүзілік жарыста Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар анықталды. Олар Нариман Құрбанов пен Милад Карими, Дмитрий Патанин мен Ілияс Әзизов, Нұрлан Ыдырысов пен Роман Хегайлар әлем мықтыларымен йық тірестіріп көреді. Бұл жарыстың жауапкершілігі де зор. Қызғалдақты елде үміткерлер 14 медаль жиынтығынан бөлек, Лос-Анджелес олимпиадасының жолдамасын да сарапқа салады. Яғни көпсайыста командалық финалға шыққан ерлер мен қыздар арасындағы ең үздік үш құрама төртжылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндік алады. Қазақ елінің гимнасшыларына сәттілік серік болсын дейміз.
Роналду голдарының санын 980 ге жеткізді
Соңғы уақыттары Роналду жайлы жиі естиміз. Оның ұлттық құрамадан кетіп қалғаны, бас бапкерге ренжулі екенін әлемдік бақ өкілдері жарыса жазып жүр. Жалпы Криштианудың көздегені не? Қазір осы сұраққа жауап іздеп жүргендер көп. Кім не айтса да, футболшының ішінде не жатқанын тек өзі ғана біледі. Бір анығы, Роналду еңбек етіп, тер төгуден әсте жалыққан емес. Сонымен қатар сол еңбегінің де жемісін көріп жүр. Сауд Арабия біріншілігінің 8-ші турында Аль Наср өз алаңында Аль Драих командасын қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осы матчта есепті Криштиану Роналду ашып, спорттық мансабындағы 980-ші голына сүйінші сұрады. Мың гол соғу бұрындары қол жетпес арман сияқты еді, енді 20 гол соқса болды, Роналду бұл белесті де бағындырғалы тұр. Бүгін Аль Наср Азия чемпиондар лигасының аясында Өзбекстанның Нефтчи командасын қабылдайды. Бұл ойында да Криштің көзге түспесіне кім кепіл?
Месси де мүлт кеткен жоқ
Бір кездері жұрт Роналду мен Мессидің жасыл алаңдағы ойындарын талқылап жататын. Қазір жасы да, жасамысы да екеуінің голдарын санап әлек. Қайсысы бірінші болып мыңдық межеге жетеді деп бәс тіккендер Майами мен Аль-Насрдың жанкүйері болып алған. Өткен аптада ғана Аргентина құрамасымен қош айтысқан аңыз ойыншы Лионель Месси енді МЛС лигасында жасындай жарқылдап жүр. Ұлттық біріншіліктің кезекті турында Интер Майами Ди Си Юнайтедті қабылдап, қонақтарды 4:0 есебімен тас-талқанын шығарды. Осы ойында Лео Месси қос голдың авторы атанды. Сондай-ақ Мессидің Барселонадан бірге келе жатқан командалас досы Луис Суарестің де екі гол соққанын жұрт көрді. Жастары келсе де қайраты қайтпаған жігіттердің жеңіске деген құлшынысына қайран қаласың. Қамал алар жастағы аяқдопшылардан қазақ футболшылары үлгі алса ғой, шіркін!
Тегтер #ауыр атлетика #Қытай #әлем чемпионаты #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz