RU
Толық нұсқаға өту

Астанаға «Атлетико» келді

14.10.2026, 20:50 37

Күрес түрлерінен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылардың дүниежүзілік жарысында тағы бір қазақ палуаны финалға жолдама алды. 87 келі салмақта Темірлан Тұрдақын ирандық Ясин Әли Яздимен алтын медаль үшін белдеседі. Ал ең ауыр салмақта Джохар Узаров қола жүлдеге таласады, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін Астанаға «Атлетико» футболшылары келді. Чемпиондар лигасында «Манчестер Юнайтедтің» екі аяғын бір етікке тыққан Диего Симеоне шәкірттері емес, сол Мадрит Атлетикосының Алматы маңындағы футбол академиясын айтып отырмыз. Алатау баурайынан осыдан бір жыл бұрын ғана ашылған балалар академиясында қазақтың талантты ұлдары тәлім алып жүр дегенді жиі еститін едік, бүгін сол испан мамандары жаттықтарын қаракөздердің аяқ алысын көру мақсатында QJ League-ге арнайы бардық. Жергілікті Астана командасының ізбасарлары мен Атлетико академиясының өрендері жасыл алаңға шықты. Алаң иелерімен қонақ футболшылардың жас айырмашылығы бірден көзге ұрды. Сөйтсек, академияның 13 жастағы өрендері U15 турнирінде бақ сынап жүр екен. Сұрастыра келе, түсінгеніміз испаниялық мамандар жас таланттарды шыңдау мақсатында осылай шешім қабылдаған. Яғни өздерінен 1-2 жас үлкен ойыншылармен иық тірестіре жүріп, жас өрендер ертерек пісіп-жетілетін көрінеді. Күш жағынан сөз жоқ, алаң иелері дес бермеді. Ал шеберлік деңгейі мен ойын тактикасы тұрғысынан Атлетико академиясының басымдығы анық байқалды.

Қазір әлемде испан футболының шоқтығы биік тұр. Марғұлан Жақсылық секілді жас таланттарымыз сол испаниялық мамандардан тәлім алып, болашақта қазақ футболының көсегесін көгертеді деген үміт басым.

Чемпиондарды тұсай ала ма?

Бүгін Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңдегі ойындары жалғасады. Сәрсенбінің кешінде Манчестер қаласында сұрапыл ойын болғалы тұр. Қатарынан екі маусым бойы осы турнирде топ жарған Париж Сен-Жермен «Этихад» стадионында ағылшындардың азулысы «Манчестер Ситимен» айқасады. Статистикаға көз жүгіртсек, екі команданың жолы сегіз рет түйісіпті. Соның төртеуінде ағылшын клубы жеңіске жетсе, екі ойында ПСЖ басым түскен. Қалған екі кездесу тең аяқталыпты. Бүгін қалай боларын дөп басып ешкім айта алмайды. Ағылшындар премьер-лигада ұпайдан шашау шығарған жоқ. Ал француздар ішкі біріншілікте ала құла ойнап жүр. Дегенмен Луис Энрике шәкірттері бабына енді келіп жатыр. «Сондықтан бүгін алаң иелеріне қиындау болады», – дейді білетіндер. Екі команданың да төрт көзі түгел. Футболшылар тек төрешінің ысқырығын тосып отыр.

«Аль-Хиляль» жеке дара топ бастады

Ал Азия чемпиондар лигасында әзірше айтарлықтай жаңалық жоқ. Қағаз жүзіндегі фавориттер іс жүзінде де мықты екендіктерін дәлелдеп жатыр. Италиялық маман Симоне Индзаги баптайтын «Аль-Хиляль» кеше Дохада жергілікті «Аль-Саддтан» 2:0 есебімен басым түсті. Олли Уоткинс есеп ашқан соң, Рубен Невеш пенальтиден қорытынды нәтижені белгіледі. «Аль-Хиляль» чемпиондар лигасында ғана емес, Сауд Арабия біріншілігінде де жеке дара көш бастап келеді. Ал қатарынан екі турда жеңілген қатарлық клуб енді ұпай жоғалтса, финалдық кезеңге шыға алмайды. 

Авторы: Жандос Айтбайұлы 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz