Ерекше форматтағы бәйге өтеді.
Қостанайда 100 шақырымдық бәйге өтеді. Алдағы сенбі күні солтүстік өңірде ерекше форматтағы ат жарысы ұйымдастырылмақ. Халықаралық турнирге Қазақстан, Мажарстан, Ұлыбритания, Сирия және Малайзия елінің сәйгүліктері қатысады. Жарыс Endurance деп аталатын арнайы талаптарға сәйкес өтеді. Осы арқылы еліміздегі бәйгенің деңгейін көтеріп, бәсекелестікті арттырып, бұған қоса қазақстандық шабандоздар мен тұлпарлардың тәжірибесін толыстыру көзделіп отыр. Сонымен қатар аймақтың туристік әлеуеттін арттыруға және еліміздің ат спортындағы потенциалын әлемге таныту да үлес қосарына сенімді мамандар. Бәйгенің өзі 17 қазанда Қостанай іргесіндегі атшабарда болады.
Тағы үш палуанымыз жүлдеге таласады. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Бұған дейін грек-рим күресі бойынша 60 келідегі Айбек Айтбеков пен 72 келідегі Юсуф Ашрапов алтын жүлдеге қол созып, жанкүйерлерді бір қуантқан еді. Енді олардың жеңіс жолын 87 келідегі Темірлан Тұрдақын жалғамақ. Ол жартылай финалда басты фавориттердің бірі болған ресейлік спортшыны жеңді. Енді финалда ирандық Ясин Әли Яздимен белдеседі. Бұған қоса ең жеңіл салмақтағы Әрсен Жұма мен ең ауыр салмақта Джохар Узаров қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Лас-Вегас қаласында әлем чемпионаты 18 қазанға дейін жалғасады.
"Барыс" кезекті рет жеңіске жетті
YOUTUBE.COM/КХЛ
«Барыс» өз алаңында жеңіске жетіп, турнир тізіміндегі жағдайын жақсартты. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін астаналық клуб бұл жолы Екатиринбург қаласының «Автомобилист» командасымен кездескен еді. Бірінші кезеңде «Барыс» сапындағы Чейз Приски есеп ашты. Екінші кезеңде қонақтар таблодағы нәтижені теңестірген. Алайда Джей Масси «Барысты» қайта алға шығарды. Ал үшінші кезеңде Дінмұхамед Қайыржан мен Әлихан Өмірбеков мергендігімен көзге түсіп, қорытынды нәтижені 4:1-ге жеткізді. Айқын басымдық танытқан «Барыс» Шығыс Конференциясында үшінші орынға көтерілді. Михаил Кравец баптайтын жігіттер енді қатарынан тоғыз матч сырт алаңда ойнайды. Келесі кездесу 17 қазанда болады. «Барыс» Новосибирск қаласында жергілікті «Сібір» клубымен жолығады.
Тегтер #Қостанай #бәйге #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz