Қазақстанда алғаш рет жүзуден әлем кубогының кезеңі өтті. Астанадағы «Барыс Арена» бассейнінде әлемнің ең үздік жүзушілері бақ сынасты. Айтулы бәсекеге отандық спортшылар да қатысты. Ал олардың нәтижесі қандай? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Қазақстанда жүзуден әлем кубогының кезеңін өткізу – еліміз үшін абырой ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Сол себепті де жауапты Федерацияға жарыс алаңын дайындап, әлемдік деңгейдегі спортшылардың өнер көрсетуіне жағдай жасау және турнирді халықаралық талаптарға сай өткізу міндеті жүктелді. Ал қазақстандық жүзу спорты үшін бұл – дамудың жаңа кезеңі, мол тәжірибе.
Илья Гусаков, жарыстың бас менеджері:
– Бірнеше келісу кезеңінен, тексерістерден өттік. Халықаралық федерация нысанды да, қаланы да мақұлдады. Осы талаптардың барлығынан сәтті өтіп, финалдық кезеңді өткізу құқығына ие болдық. Себебі мұнда үш кезеңнің қорытындысы бойынша барлық ірі жүлделерді тапсыру рәсімі өтеді. Шетелдік командалар өте көп. Олардың барлығы дерлік ерекше әсер алғандарын айтып, бізден қайда баруға, нені көруге болатынын сұрап жатыр. Мысалы, Канада құрамасы Алматыға да ұшып баруды жоспарлап отыр. Оларға қаланың ұнағаны соншалық, әуе билеттерін ауыстырып, сапар кестесін өзгертпекші».
Астанадағы жарыста қазақстандық жүзушілер төрт ұлттық рекорд орнатты. Айталық, Глеб Коваленя 50 метр еркін стильде жүзуде үздік уақыт көрсетсе, Ғалымжан Балабек Ташкентте өткен әлем кубогының алдыңғы кезеңіндегі нәтижесін жақсартты. Айбат Мырзамұратов 50 метрге брасс әдісімен жүзуде көрсеткішін жаңартса, Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде ел рекордын орнатты.
Софья Сподаренко, жүзуден ұлттық құрама мүшесі:
– Мен мұнда болғаныма өте қуанышты екенімді бұған дейін де бірнеше рет айттым. Мұнда болу – сахнадағы рок-жұлдыз сияқты сезінесің десек болады. Осында қайта-қайта шыққың келеді. Бұл – керемет сезім! Мұның бәрі ұйымдастырушылардың және әрине, жанкүйерлеріміздің еңбегінің арқасы. Өзім үшін ең басты мақсаттардың бірі, ең кем дегенде, ұлттық рекордымды жаңарту. Әрине нәтижелер кестесінде бұдан да жоғары орынға көтерілуге тырысамын.
Қазақстан құрамасының сапында отандық 22 спортшы өнер көрсетіп жатыр. Астанадағы Әлем кубогы кезеңі Silk Road Tour әлемдік сериясының қорытынды кезеңі. Жарыс бүгін өз мәресіне жетті. Енді ұлттық құрама желтоқсан айында қысқа қашықтықта Бейжіңде өтетін әлем чемпионатына дайындалады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Ратмир Әубәкір, Мерей Талап
Тегтер #Астана #жүзу #Әлем кубогы #спорт #таңдауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz